Әуе компаниядан мәлім еткендей, келеңсіз жағдай 14 қаңтар күні болған.
Алматы халықаралық әуежайында Алматы-Астана бағытындағы FS 7057 рейсінің жолаушысы FlyArystan қызметкеріне жұдырық ала жүгірген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жолаушы тіркеу орнына ұшып шығуға 30 минут қалғанда келіп, рейске тіркелгенін растағаннан кейін тексеру аймағына өткен. Алайда, ол рейске үлгермей қалған.
Кейін жолаушы тіркеу аймағына қайта оралып, тексеру аймағына бағыт көрсеткен қызметкерге тіл тигізіп, оның телефонын лақтырып жіберген. Артынша, жұдырық ала жүгірген.
Баспасөз қызметі әуе тасымалдаушысы өз қызметкерлеріне және басқа жолаушыларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне, соның ішінде физикалық шабуылдарға, қорқытулар мен балағат сөздерге нөлдік төзімділік саясатын қатаң ұстанатынын еске салды.
– Деструктивті мінез-құлық көрсеткен жолаушы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады. Әуе компаниясы сонымен қатар өз қауіпсіздік саясаты аясында тиісті шараларды қолдану құқығын, соның ішінде жолаушыны қара тізімге енгізу мүмкіндігін өзінде сақтап қалады. Біз әр жолаушының өзінің мінез-құлқы мен басқаларға құрмет көрсету нормаларын сақтауға толық жауапты екенін ерекше атап өтеміз. Рейске уақытында келу – бұл жолаушының жеке жауапкершілігі екенін есте ұстау маңызды, - деп атап өтті компания баспасөз қызметі.