Жігіт төлқұжатын кері ала алмаған, уәде етілген жалақы да жоқ.
Рамазан есімді қазақ жігіті Ресейдің Волгоград қаласына жұмыс істеп, ақша табу үшін барған. Алайда ол Ресейде алданып, құлдыққа түсе жаздағанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, жас жігіт YouTube каналда тараған жарнамаға сеніп қалған. Ол бір апта бойы жақсы жұмыс істеп, бірақ содан кейін өзінің алданғанын түсінеді. Жігіт төлқұжатын кері ала алмаған, уәде етілген жалақы да жоқ. Оның айтуынша, бас бостандығына қауіп төніп, табыс табу туралы арманы қорқынышты түске айналған.
Полицейлердің арқасында ол төлқұжатын қайтарып алады, бірақ оған ешкім жалақы төлемеген. Содан кейін Рамазан жұмыс орнын тастап қашып кетеді. Түнде оны Ақтөбеге жұмыстарымен бара жатқан атыраулық жігіттер жол бойынан кезіктірген.
Рамазанның түнгі құтқарушылары мобилограф пен блогер болып шығады. Сондықтан олар Рамазанға бірден қор ашып, оның Алматыға қайтуы үшін қажетті соманы тез жинап береді.
Рамазан өзі секілді жастарға интернеттегі хабарландыруларға иланып қалмауды ескертеді. Әсіресе, егер құс фабрикалары, ет комбинаттары және балық зауыттарындағы жұмыстарды ұсынып жатса, отандастарын сене бермеуге, ақпаратқа күмәнмен қарауға шақырады.