20.01.2025, 16:40

«Келінжан» сериалында ойнаған танымал актрисаның күйеуі өмірден өтті

Фото: sn.kz

Режиссерді ақтық сапарға шығарып салу орны мен уақыты қосымша хабарланады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Юрий Ханинга 75 жасында қайтыс болды, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Massaget.kz -ке сілтеп.

Бұл туралы М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. 

"Көрнекті театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Юрий Иванович Ханинга қайтыс болды. Юрий Ивановичтің туыстары мен жақындарына, оның шәкірттеріне, әріптестеріне және онымен жұмыс істеу құрметіне ие болғандардың барлығына көңіл айтамыз. Ол туралы естелік жарқын, ал мұрасы мәңгілік болсын.

Режиссерді ақтық сапарға шығарып салу орны мен уақыты қосымша хабарланады", - делінген хабарламада.

Юрий Иванович Бекназар-Ханинга 1949 жылы 11 ақпанда Өскеменде дүниеге келген. Кеңестік және қазақстандық театр актері, театр режиссері, ұстаз, профессор.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері.

1967 жылдан бастап Өскемен қаласында балалар спорт мектебінде жаттықтырушы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.

1971 жылы Өскемен педагогикалық институтының филология факультетін "орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі" біліктілігімен бітірді.

1973 жылдан Қазақстан театрларында (А.П.Чехов атындағы Павлодар драма театры, Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан драма театры, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театры, А.Н.Островский атындағы Орал орыс драма театры, М.Ю.Лермонтов атындағы орыс драма театры, М.О.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, М.Горький атындағы орыс драма театры) актері, режиссер, бас режиссер, көркемдік жетекші қызметтерін атқарды.

1982 жылы Б.В.Щукин атындағы театр училищесінің режиссура факультетін (халық әртісі профессор А.М. Поламишевтің курсы) бітірген.

2000 жылдан бастап Қазақ ұлттық өнер университетінде актерлік шеберлік, 2004 жылдан бастап драма театры режиссурасынан сабақ береді, профессор.

Оның тікелей басшылығымен және қатысуымен актерлік өнер мен режиссура кафедрасы (кейіннен - кино, ТВ және театр кафедрасы) құрылды.

Әйелі - Лейло Бекназар-Ханинга Ақназарқызы ("Келінжан" сериалында Күлімжан рөлін сомдаған) кино және театр актрисасы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Олардың үш баласы бар.