23.01.2025, 11:00

«Сөйлеп кететін сияқты»: Рудныйда ерекше сәби дүниеге келді

Фото: Pixabay

Әрине, өзім де, айналадағылардың бәрі де таңғалды.

Рудный қалалық көпсалалы ауруханасының перинаталдық орталығында салмағы 5 900 грамм ұл бала дүниеге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы kostanaytany.kz-ке сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, нәресте 15 қаңтарда дүниеге келген. Оның салмағы – 5 900 грамм, бойы 59 см болды. Ұл балаға Елизар есімі берілді. Қазіргі кезде анасы Алена Дизина екеуінің жағдайы жақсы.

Босану хирургиялық жолмен өтті. Жаңа туған нәресте перзентханадан шығар алдында күш-қуат жинап жатыр. Жүктілігінің 40 аптасында анасы Жітіқара аудандық ауруханасынан Рудный перинаталды орталығына жіберілді.

«Маған іштегі баламның үлкен екенін айтты. Бірақ Рудныйда нәрестенің салмағы 5 келіден әлдеқайда жоғары екені анықталды. Әрине, өзім де, айналадағылардың бәрі де таңғалды. Үлкен қызым дүниеге келгенде салмағы 3,5 кг болды. Бірінші босануым табиғи жолмен өтті. Ұл баламды босанарда кесарь тілігін жасадық. Қазір бәрі жақсы, енді үйге қайтқымыз келіп отыр», - деді жаңа туған батырдың анасы.

Дәрігерлер ота жасау туралы шешім ана мен баланың қауіпсіздігі үшін қабылданғанын айтты.

«Жітіқарада УДЗ дәрігері нәрестенің салмағы 5 700 грамм деп анықтап, бірнеше рет тексерді. Ультрадыбыстық аппарат 600-700 грамм қате көрсетуі мүмкін, бірақ науқасқа жоспарлы түрде ота жасау туралы шешім қабылданды. Әйел қорықты, уайымдады, бірақ өзін сабырлы ұстады және бізге сенді. Абырой болғанда ота сәтті аяқталды. Балаға қарқынды терапия қажет болған жоқ, біз тексеру жүргіздік. Қант деңгейі қалыпты, анасы жүктілік кезінде қант диабетімен ауырмаған, тек ісіну болған, кейде қан қысымы көтерілген. Қазіргі кезде ана мен бала өздерін жақсы сезінеді. Бұл жерде жұмыс істеп жүргеніме көп болған жоқ. Алайда еңбек тәжірибемде мұндай үлкен нәрестені бірінші рет көріп тұрмын. Көлемі жағынан басқа сәбилерден ерекшеленетінін аңғаруға болады. Тіпті маған ол бірнеше аптадан кейін сөйлеп кететін сияқты көрінеді», -  деді дәрігер Аякөз Сыдықбаева.