24.01.2025, 04:30

«Бәріне ұрсамын»: 100 жастағы әже TikTok жұлдызы атанды (ВИДЕО)

«Ақшасыз жүрмейміз ғой, пенсия өзімде», - деді Тахира Құрбанова.

Әлеуметтік желіде танымал 100 жастағы Тахира Құрбанова туралы білесіз бе? Ғасыр жасаған Түркістан облысының тұрғыны әлі сергек, бақуат әрі белсенді. Тахира апа немерелерін бағады, келіндеріне білгенін үйретеді, ән айтады және ТикТокта миллиондаған қаралым жинайды. Бүгінде кейуана қырықтан астам немере мен 80-нен астам шөбере тәрбиелеп отыр, деп Sкifnews.kz ақпарат порталы Отырар басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тахира Құрбанова – ғасыр жасаған асыл әже.100 жастағы зейнеткер қазір әлеуметтік желіде біраз көрерменге танымал. Әжей өлең айтады, шөберелерінің тәрбиесімен айналысады. Кейде тіпті келіндерімен бірге үй шаруасына да араласады. Қазір Тахира апаның видеолары әлеуметтік желіде бірнеше миллиондаған қаралым жинаған. Әже ұзақ өмірдің сыры – белсенді өмір салтын ұстану дейді.

«Мен жас кезімде бәрін істедім. Қазір күш жоқ, бала тербетіп отырамын. Бие де саудым, сиыр да саудым. Құрт та, май да істедік. Бақыттымын, Құдайға шүкір, бақыттымын», - деді кейуана.

Кейуананың 40-тан астам немересі мен 83 шөбересі бар. Қарт тұрғын бәрінің түрін танығанымен, жас келгесін есімдерін есте сақтау қиынға соғады деп қалжыңдайды. Тахира апа жас шағында киім-кешек, көрпе-төсек тігіп, кейіннен дүкенде сатушы болған. Ал зейнетке шыққан соң өмірін өзінің сүйікті істеріне, балаларының тәрбиесіне арнаған.

Тахира Құрбанованың өмір салты оның барлық жақындарына үлгі. Ол қыздары мен жиендерін сағынғанда тіпті өзі барып, мауқын басып келеді екен.

«Ұрсамын, бәріне ұрсамын. Тұңғышыма да ұрсамын, тұңғыш та өзіммен қатар болып отыр ғой. Ақшасыз жүрмейміз ғой, пенсия өзімде», - деді Қазығұрт ауданының тұрғыны Тахира Құрбанова.

Тахира әжей үшін 100 жас – бұл жай ғана сан. Ол шөберелерінің тойын көруді, шөпшек сүюді жоспарлап отыр.