Дәрігерлердің пікірінше, дәл осы дәруменнің жеткіліксіз болуы балада көру нервінің атрофиясына алып келген.
Малайзияда тек наггетс және печенье жеген 8 жасар бала көру қабілетінен толықтай айырылды. Бұл туралы The Sun басылымына сілтеме жасаған Sкifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.
Бұл оқиға туралы дәрігер Эрна Надия әлеуметтік желіде бөлісті. Дәрігер Надианың айтуынша, бала 2025 жылғы қаңтар айының басында мектепте сабақ барысында кенеттен көрмей қалған. Ол жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, тексерулер нәтижесінде оның ағзасында А дәрумені айтарлықтай жеткіліксіз екені анықталды. Дәрігерлердің пікірінше, дәл осы дәруменнің жеткіліксіз болуы балада көру нервінің атрофиясына алып келген.
Бұл жағдай "оптикалық нейропатия" деп аталатын ауруға әкелді. Дәрігерлердің айтуынша, бұл ауру баланың ерекше тамақтану әдеттерінің салдары. Ол ұзақ жылдар бойы тек фастфуд, атап айтқанда, наггетстер, печенье және шұжық сияқты тағамдарды ғана тұтынған. А дәрумені жетіспегендіктен, оның көру қабілеті біртіндеп нашарлаған.
Эрна Надиа өз жазбасында ата-аналарға балалардың тамақтану рационына мұқият болуды ескертті. Ол пайдалы тағамдарды балалардың күнделікті ас мәзіріне қосу маңызды екенін атап өтті.