Басына жасалған отадан кейін толыққанды реабилитация бастау үшін оның ағзасы біраз уақыт демалуы керек екен.
Түркияда ота жасатқан Ербаян Мұхтар Астанаға қайтатын болды, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы заңгер Инга Иманбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Ербаян Мұхтардың емінің бірінші кезеңі аяқталып, ол Астанаға жолға шықты. Яғни, Ербаянымыз екі-үш ай елде болады. Басына жасалған отадан кейін толыққанды реабилитация бастау үшін оның ағзасы біраз уақыт демалуы керек екен. Көктемде ол Түркияға қайта ұшып, екінші кезең, реабилитацияны бастайды. Астанада Ербаян нейрохирург профессор Гёкхан Акдемирдің толық бақылауында болады. Бір айдан кейін дәрігердің өзі ұшып келіп, жағдайын өз көзімен көріп кетемін деп отыр. Гёкхан Акдемир Ербаянның басына ота жасаған дәрігер", - деп жазды заңгер.
Инга Иманбай Ербаянның емі ұзақ екенін айтты.
"Жуырда Ербаянның ата-анасы бірінші кезең еміне кеткен қаражат бойынша есеп беріп, осы аралықта төленген қаражаттың чектерін жариялайды. Осының барлығы Сіздердің арқаңызда екенін біз ешқашан ұмытпаймыз. Ербаянның емі ұзақ екенін, шыдам мен табандылықты қажет ететінін ескеріп, оған тек қуат пен жігер тілейміз. Ал бүгінше бәріміз елге, Отанына ұшып келе жатқан Ербаянға ақ жол тілеп қояйықшы", - деді ол.