28.01.2025, 17:10

Үкімет алдында қандай міндет тұр - сарапшы пікірі

Фото: abai.kz

Жаңа экономикалық парадигма. Сіз бен біздің өміріміз қалай өзгереді?

Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста еліміздің экономикалық жай-күйі сөз болып, Президент Үкімет мүшелеріне бірқатар міндет жүктеді. Экономика тақырыбын зерттеуші, журналист Айбар Олжай Үкімет алдағы уақытта қай бағыттарға назар салуы керек, келесі бағындырар белес қандай болмақ? Осы тақырыптар төңірегінде тізбектеп берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Жаңа экономикалық парадигма. Сіз бен біздің өміріміз қалай өзгереді?

Қазақстан өзінің экономикалық ғұмырында оң мен сол жақтағы екі соқпақтың бірін таңдауы тиіс жолайырыққа келіп тірелді. Бәрібір ауыр таңдау жасау керектігін соңғы 2-3 жылда айқын сезе бастадық. Мемлекет басшысы да, сарапшылар да Үкіметтен батыл шешімдер мен шаралар талап етті. Бүгінгі кеңейтілген отырыста біздің енді қалай жүретініміз айқындалды және ол жаңа қоғамдық келісім-шарттың негізін құрайды деп айта аламыз.

Ары қарай өте қарапайым түсіндіруге тура келеді

Қазіргі қалпымызбен жүре беруге болмайды. Себебі, аз уақытта біз Греция сияқты бюджеттік кризиске шалдығамыз. Артынан инвестициялар кетіп, өндірістер жабылады да, жаппай жұмыссыздық орын алады. Неге? Түрлі салықтық режимдер, басқа да жеңілдіктер аясында бюджетке салық жиналмайтын болған. Былтыр жиналғаны 12,3 триллион теңге. Оның ішінде қосымша құн салығы мүлде жұмыс істемеді. Ал дәл осы кезде бюджет шығындары 26 триллион теңгені құраған. Басым бөлігі әлеуметтік шығындар. Егер оған тиісіп, қысқартатын болсақ, онда зейнетақы, шәкіртақы, бюджет қызметкерлерінің жалақысын кесу қажет деген сөз. Сондықтан шығындарды кеспей, кірістерді арттыру моделі дұрыс деп танылды», - деді журналист.

Үкімет сарапшылармен кеңес отырып, фискалды режимді, оның ішінде қосымша құн салығы режимін қатаңдатуды ұсынып отыр. ҚҚС 12-ден 20 пайызға артып, оған іліну шегі 15 миллион теңгеге төмендетілсе деген ұсыныс айтылды.

«Әрине, бұл нақты параметрлер емес, Парламент қабырғасы мен кәсіпкерлер палатасымен келіссөздер барысында осының компромисті шешімі қабылданатыны анық. Біраз саудаласудан кейін НДС 18 пайызға, іліну шегі 30 миллион теңге шамасында бекітілуі де мүмкін. Бұл бюджетке қосымша 6-7 триллион теңге әкеледі. Өтемақы ретінде ОПВР мен әлеуметтік салықты алып тастау идеясы көтерілді. Демек, жалақы алып жүргендердің айлығы өседі.

Халық үшін не өзгереді? Тауарлардың бағасы НДС-тің өсуіне пропорционалды қымбаттайды. НДС-тен кәсіпкерлер көп зардап шекпейді, себебі олар айырмашылықты бағаға қоса салады. Жалақы алатын халықтың айлығы ОПВР мен әлеуметтік салықтың жойылуы есебінен өседі. Бұл айлық төлеп отырған кәсіпкерлерге де тиімді. Себебі еңбек ақы төлеу қорына түсетін жүктеме шамамен 40 пайызды құрап келді.

Қымбатшылық тауар сатылымының қысқаруына алып келеді. Осының ішіндегі көп тауар импорт болып шықса, онда экономикаға жаман емес. Нарықтағы айналымның қысқаруы ең алдымен инфляцияның бәсеңдеуіне себеп болады және біздің импорт/экспорт балансында профицитті ұстап отырады.

Егер бюджеттің кірістері бюджеттің шығыстарына деңгейлес бола алса, онда Ұлттық Қор қаржысын күнделікті нанымызға жеп отырудан құтылып, оны экономикамызды өркендететін әлеуеті бар үлкен жобаларға бағыттай аламыз. Біз қазір тапқанымызды қазір жеп отырмыз және дамуға мүлде ақша қалмай отыр. Ал дамуға инвестиция құймайтын елдің ертеңгі жағдайы белгілі нәрсе», - деді ол.

Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін үлкен акцент берді.

«Бізде «даму бюджетінің» көлемі жеткіліксіз. Дамыған елдерде ол барлық мемлекеттік шығыстардың 25%-на жетеді. Ал бізде – 8%. Яғни, 26 трлн теңгеге жуық республикалық бюджеттің небәрі 2 трлн теңгесі ғана дамуға жұмсалады. Қалғанының барлығы – ауқымды бөлігін әлеуметтік шығыстар құрайтын ағымдағы бюджет. Экономикалық дамудың негізі болып табылатын электр және жылу энергетикасы, су шаруашылығы, газ тасымалдау жүйелері, жол, инженерлік желілер мен инфрақұрылым салаларына жеткілікті қаражат бөлінбей келеді. Даму институттары да қаржыландырумен толық қамтамасыз етілмей отыр. Мұндай жағдайда өсімнің жоғары қарқынын тұрақты қамтамасыз ету өте қиын. Салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыру қажет», - деді, Президент.

«Қазіргі жағдайды аяғы гангренадан ісіп кеткен адаммен салыстыруға келеді. Егер аяқты кесіп тастамаса, адам бір аптадан кейін өледі. Ал кесіп жатқанда, оның жаны шығып ауырады. Бірақ түбі аман қалады. Бізге аяқты кесу керек. Әйтпесе экономикалық үлкен қиындықтарға бара жатырмыз.

Шыны керек, қатаң салық режимінде халық болып 1-2 жыл қиналамыз. Біз қиналып жатқанда мемлекеттік қаржы, бюджет жүйесі оңалып, өзін реттеп алады. Одан кейін, егер осы реформаларды ойдағыдай іске асырып алсақ, өмір сүру жеңіл болмақ. Басқа жол жоқ», - деп қорытындылады медиа маман.