13.08.2014, 12:30

Павлодарда алғаш рет «Ертіс күнін» атап өтейін деп жатыр

Сурет: vse.kz

Жаңа мерекені тойлауға өңірдегі балалар және жастар ұйымдарының қауымдастығы, «Павлодар география үйі» үкіметтік емес ұйым мүшелері мұрындық болмақ, деп хабарлайды Bnews.kz.

«Сонымен қатар облыстағы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма өкілдері қолдау білдіреді», делінген арнайы таратылған ақпаратта.

Ертіс күнін екі күн бойы атап өту жоспарлануда. Ауқымды шара Ертіс өзенінің Павлодар ауданына қарасты Әйтім ауылы маңындағы жағасында бастау алады. Аймақ тұрғындары өзенді Әйтім ауылынан облыс орталығына дейін қайықпен кезіп өтеді. Акцияға қатысушылар Ертістің жағалауын қоқыстан тазартпақ. Бұл күні «Караван-сарай» дәмханасы маңын, нақтырақ айтсақ, жол көпірінің аумағында да сенбілік ұйымдастырылады. Игі іске аталмыш ұйым мүшелері мен «Жасыл ел» жастар және еңбек отрядтарының сарбаздары атсалыспақ.

Екінші күні Павлодар өңірінің танымал суретшілері табиғат аясына шығып, Ертіс өзенінің сұлулығын қылқаламмен өрнектемек. Осы күні «Ертіс күні - 2014» фестивалі өткізіледі. Бағдарлама аясында құм мүсін жасау, балалар мен ересектерге арналған спорт жарыстары, мерекелік концерт ұйымдастырылады. Сондай-ақ қолөнер шеберлерінің шығармашылық көрмесі, пленэрге қатысқан суретшілердің жұмыстарын сатуға арналған бәссауда өтеді. Айта кетерлігі, мереке барысында павлодарлық Илья Красильников өзі жинастырған қайықты жұртшылықтың назарына ұсынады.

— Ертіс өзенінің жағасында бой көтерген қала тұрғындарының төл мерекесі болған абзал. Ертіс күні мейрамы дәстүрге айналса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Облыс тарихында алғашқы рет аталып өтілетін мереке барысында көптеген тосын сый әзірленуде. Бұл күні павлодарлықтардың Ертіс өзені жайлы түсірген деректі фильмнің тұсауы да кесіледі, — дейді ол.