Спортшылардың арасында 1994 жылғы жұптық мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпиондары, ресейлік Евгения Шишкова мен Вадим Наумов болуы мүмкін.
Бүгін таңертең American Airlines ұшағы Вашингтондағы Потомак өзеніне құлады. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, бортта бірнеше мәнерлеп сырғанушы болуы мүмкін, деп Sкifnews.kz ақпарат порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алдын ала деректер бойынша Вичитадан Вашингтонға ұшқан ұшақ бортында 60-қа жуық жолаушы болған. Жуырда Вичитада мәнерлеп сырғанаудан АҚШ чемпионаты өтті.
"Элиталық дивизионға іріктеуден өткен мәнерлеп сырғанаушылар қосымша бір күнге қалды, кейін олардың бірнешеуі American Airlines 5342 рейсіне отырған", - деп The Kansas City News басылымы ұлттық команданың мәнерлеп сырғанушысы Люк Ванның сөзін келтірді.
Sports.ru ақпаратына сүйенсек, спортшылардың арасында 1994 жылғы жұптық мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпиондары, ресейлік Евгения Шишкова мен Вадим Наумов болуы мүмкін. Спорттағы карьерасын аяқтағаннан кейін олар АҚШ-қа көшіп, жаттықтырушылық қызметін жалғастырған. Олардың ұлы Максим Наумов АҚШ құрамасында өнер көрсетеді, өткен чемпионатта 4-орынға ие болған.
Mash Telegram арнасы бортта болуы мүмкін спортшылар тізімін жариялады.
Бұған дейін не белгілі?
Еске салайық, 2025 жылы 30 қаңтарда АҚШ астанасы Вашингтондағы Рональд Рейган әуежайының маңында ұшақ тікұшақпен соқтығысып, өзенге құлағаны хабарланды.
Оқиға маңында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, тікұшақтар мен қайықтар жұмылдырылған.
Кейінірек Потомак өзеніне құлаған ұшақ бортында 60 жолаушы мен төрт экипаж мүшесі болғаны айтылды.