31.01.2025, 17:00

Алматыда жаңа туған сәбиін далаға тастап кеткен ана ұсталды

Фото: видео скриншот

Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Алматыда жаңа туған сәбиін тастап кеткен әйел ұсталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Кеше жергілікті тұрғындар Чернышевский көшесіндегі үйлердің бірінің ауласынан нәрестені тауып алған еді. Жедел жәрдем қызметкерлерінің айтуынша, нәрестенің дүниеге келгеніне бір-екі сағат ғана болған. Нәресте ауруханаға жатқызылды.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жаңа туған сәбидің анасының жеке басы анықталды. Ол ұсталды және медициналық көмек алу үшін қалалық ауруханалардың біріне жатқызылды.

Қауіпті жағдайда баланы тастап кету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.