01.02.2025, 02:30

«Алғаш рет әке деп атадым»: Желіде ұзатуында әкесімен билеген әжесінің қызы жұртшылықтың жүрегін елжіретті

Фото: видеодан кадр

Ару әжесінің қызы болғанымен ата-анасының қолында өскенін жеткізді.

Желіде әкесін ұзатуында бірінші рет “әке” деп атаған қазақстандық ару жұртшылықтың жүрегін елжіретті. Қалыңдық бұған дейін ата-анасына “апа, аға” деп келген. Ақтөбелік 23 жастағы Меруерт Қуантаева отбасындағы ерекше ұстаным туралы айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Желіде тараған видеода қалыңдықтың жылап тұрып әкесін атағаны көрсетілген. Ару “алғаш рет әке деп атадым” деп жазба қалдырған.

Видеодағы Меруерт – Астанада актриса мамандығын бітірген. Ол өзінің отбасындағы тұңғыш қыз екенін айтады. 

“Осы видео кәдімгідей таралып кетіпті. Көптеген адамдар түрлі пікірлер жазып жатыр. Тіпті кейбірі “ажырасып кеткен бе”, деп дұрыс түсінбей жатыр екен. Олай емес...  Иә, әкемді “әке” деп атамағанмын. Кішкентай кезімнен әжемнің қолында тұрдық. Атамды көрмегенмін, ол кісі қайтыс болып кеткен. Кішкентайымда ата-анамды “мама, папа” деп жүргенімде әжем: “бұлар менің балам, менің қызым” деді. Сол кезден бастап ата-анамды “апа, аға” деп атап кеткенмін. Бірақ әжеме “мама” демеймін, “әже” деп атаймын”, – деді Меруерт. 

Ару әжесінің қызы болғанымен ата-анасының қолында өскенін жеткізді.

“Біз кейін әкемнің інісі үйленген кезде бөлек шығып кеттік.   Отбасымда үшеуміз. Сіңілім мен інім бар. Бауырларым ата-анамызды “мама-папа” деп атайды. Тек мен ғана оларды басқаша атаймын.   Қазір тұрмысқа шықтым. Ата-енеме “мама-папа” деймін. Дегенмен ата-анамды әлі де “апа, аға” деп жүрмін. Оларды “мама, папа” деп жұбайым атайды. Апам мен ағамды “ана, әке” деуге әжем әлі рұқсат берген жоқ. Сондықтан әзірге олай айтпаймын”, –деп қорытты ару.

Желіде тараған видео 1 миллион қаралым жинаған. Бұл көрініс көпшіліктің көңілін елжіретіп, жұртшылық түрлі пікір қалдырды. 

“Тұрмысқа шықсам әкемді тойыма шақырмаймын деп өзіме уәде бергенмін. Бірақ мына видеодан соң ойланып қалдым”, “Әкем қасымда болсада әке деп айта алмаймын(ата-әжемнің қызы болғаным үшін), әкемде қызым деп айтуға атамның көзінше тартынады”, “Ал менің әкем мені ақ көйлекте көрмей кетті”, “Мен де әке деп айтып үлгере алмадым” – деп жазды көпшілік.

Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, қазақтың бұл бауырына салу дәстүрінің маңызы тереңде жатыр. 

“Жас жұбайлар тұңғыш баласын ата-әжесіне беріп, тәрбиелетудің де өте үлкен тағылымды, тәрбиелік мәні бар. Қазақта "алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба да солай жүреді" деген мақал бар. Осы мақалдың мәйегінде жатқан сөз тұңғыш баланы көпті көрген, көп бала тәрбиелеп өсірген тәжірибелі ата-әжелер баулып өсірсе, одан кейін туған бауыр-сіңлілері де сондай тамаша тәрбиелі ұрпақ болып өседі деп сенген. Тұңғыш баланы басқа мақсатпен бермейді. Ол үлкенді сыйлайтын, кішіге ізет ететін, туыс құмар, арлы адамгершілікті азамат, азаматша болып өссін деген ізгі ниетпен береді", – деді Болат Бопайұлы.

Этнограф бұл салттың әлі күнге дейін сақталып келе жатқанын айтады.