Кілемге оралған мәйітті әуелі тазалықшылар тауып алған.
Жедел әрекет барысында полиция қызметкерлері күдікті ретінде 1977 жылы туған әйелді ұстады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жезқазған қаласында бөлшектелген адам денесін бәзбіреулердің қоқыс жәшігіне тастап жатқан видеосы жарияланған еді. Кадрда әйел мен ер адамның қоқыс контейнерін бетке алғанын көруге болады. Ер адам кілемге оралып, бөлшектелген мәйітті иығына салып, емін-еркін кетіп бара жатады.
Полиция қызметкерлері оқиғаға күдікті ретінде 1977 жылы туған әйелді ұстаған. Ол өз пәтерінде бірге алкогольдік ішімдік ішкен 1985 жылы туған бөтелкелесін пышақтап өлтіріп, кейін оның денесін бөлшектеп тастағаны белгілі болған.
– 30 қаңтарда Жезқазған қаласындағы Байқоңыров көшесінде үйлердің бірінде өзара таныс адамдардың арасында туындаған жанжал кісі өлімімен аяқталды. Полиция қызметкерлерімен екі тұрғын анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда, – деді Ұлытау облысы ПД бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.
Видеодан ер мен әйелдің қоқыс жәшігіне мәйітті тастаған соң сәл алыстап, ақылдасып, алаңсыз кетіп қалғанын байқау қиын емес.