04.02.2025, 11:00

Орыс тілі керемет деген қағиданы миына құйып алғандар оянуы керек - Оразкүл Асанғазы (ВИДЕО)

Бізде бар тілді, бай тілді, бейнелі тілді ешкімнен кем қылмай қолданысқа енгізуді қолға алу керек

Мемлекет және қоғам қайреткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы Qasqa Jol YouTube арнасында қонақта болып, бірнеше түйіткілді мәселенің түйінін тарқатты, - деп хабарлайды Sкifnews.kz ақпарат порталы.

Оразкүл Асанғазықызы "Qazaq coffee" кофеханасымен болған жағдайға қатысты пікір білдірді. Тіл жанашыры халықтың қазақ тілін осылай талап етуін қос қолдап қолдайтынын айтты. Сонымен қатар, өзгерісті әр адам өзінен бастау керек екенін жеткізді. 

"Мұхтар Шахановтың бір сөзі бар: "орыс тілі еш жерде шектеліп жатқан жоқ, бірақ шеттетіліп жатыр деген арыздар жазады. Ал қазақ тілі еш жерге қолданысқа енген жоқ, бірақ енбей жатыр деп ешкім арызданбайды", деген. Сол сияқты өз тілімізді талап ету үшін бізге заң керек жоқ, бәрі өзімізге байланысты. Ана сүтімен келген ана тіліміз ғой. Қазір Қүдайға шүкір қанша пәтерлік үй болса, сонша қазақ тұрады. Әр адам өз үйінің астындағы дәмханадан қазақ тілінде мәзір мен қазақша қызмет етуді сұраса, өзгеріс болады. Тіпті өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін меңгеріп алды, оларға ешқандай өкпе жоқ. Әр адам керегін қазақ тілінде сұраса, тіліміз өздіген қолданысқа еніп кетеді", - деді тіл жанашыры. 

Қоғам қайраткері Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін неден қателескенін де ашып айтты. Сондай-ақ билік басындағыларға үндеу жолдады. 

"Кеңес одағының кезінде орыс тілі керемет деген қағиданы миына құйып алған халық оянуы керек. Қазақ екі нәрсесіне ие болуы тиіс. Оның біреуі - тіл, екіншісі - дін. Өкінішке қарай, біз осы тұста қателестік. Үш тұғырлы тіл дедік. Ал тұғыр біреу болады. Бір тіл тұғыр, қалғаны тіреу болады. Ал біз тілді үшке бөлдік, дінді жүзге бөлдік. Дініміздің бірнеше бөлікке бөлінгенін кешегі "Қаңтар оқиғасы" көрсетті. Жапон, түрік, ағылшын, француз тілі сияқты қазақ тілінің де жаһандану заманына кіруге қақысы бар. Билік басындағыларға айтарым бізде бар тілді, бай тілді, бейнелі тілді ешкімнен кем қылмай қолданысқа енгізуді қолға алу керек", - дейді Оразкүл Асанғазы. 

Сұхбаттың толық нұсқасын көру үшін сілтемеден өтіңіз: “Түркістандағы зорлық-зомбылық, ЛГБТ, Дональд Трамп” - Оразкүл Асанғазы