Жастар адамның ұғымына кірмейтін дүниелерді ойлап тауып жатыр.
Қоғам қайраткері Амалбек Тшанов қоғамдық талқылауда жүрген заңдарды шығарған министрлерді соққының астына алғысы келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sкifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы ол Sadaq Media You Tube арнасына берген сұхбатында айтты.
«Мен қызметте жүргенде әртүрлі жағдайлар болды. Менің бокспен айналысқанымды бәрі біледі. Әкімдерді ұрады екен деген әңгіме шығып кеткен. Жұмыста қаталдық көрсете біліп, айтқан сөзіңе сай болып, тәртіпті өзіңнен бастау керек. Қазір кейбір министрлерді жақсылап соққым келеді. Көлікті 5 минут қыздыратын, сағат 4-те қап-қараңғы уақытты белгілеп берген министрлерді ұрғым келеді. Біз 80-нен астық, қызмет істедік біраз нәрсені білетін шығармыз десек, біз білмейтін дүниелер көп екен. Жастар адамның ұғымына кірмейтін дүниелерді ойлап тауып жатыр. Заманға лайықты шығар», — дейді ол.
Амалбек Тшанов — саясаткер және қоғам қайраткері. Ол Шымкент қаласының әкімі, екі рет Жоғарғы Кеңестің, екі рет Парламент Мәжілісінің депутаты, Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрі, Жамбыл облысының әкімі сынды қызметтерді атқарған.