04.02.2025, 23:30

Ақтаудағы ұшақ апаты: Тергеудің алдын ала нәтижесі шықты

Фото: Азамат Сәрсенбаев

Тергеу қорытындысында бұл есептің "біреудің кінәсі немесе жауапкершілігінің үлесін анықтауды білдірмейтіні" көрсетілген.

Көлік министрлігі 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзірбайжан әуе жолдарының (AZAL) ұшағының оқиғасы бойынша тергеудің алдын ала қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Құжат көлемі 53 беттен тұрады. Тергеу қорытындысында бұл есептің "біреудің кінәсі немесе жауапкершілігінің үлесін анықтауды білдірмейтіні" көрсетілген.

"Бұл – алдын ала мәлімет. Барлық материалдарды зерттеу мен зерделеу нәтижесінде мәлімет нақтыланып, толықтырылуы мүмкін. Тергеу аяқталған соң, қорытынды есеп жасалады", – делінген құжатта.

Сонымен қатар, есепте комиссия ұшақ құрылымдарының зақымдануын тексеруді жалғастырып жатқаны айтылған.

"Сақталған фрагменттер алғашқы тексеру кезінде артқы фюзеляжда, қанаттар мен тұрақтандырғыштарда, лифттерде және рульде әртүрлі өлшемдер мен пішіндердің көптеген зақым барын көрсетті. Осыған ұқсас зақымдар ұшақтың сол жақ қозғалтқышы мен сол қанатында, сондай-ақ ұшақтың тораптары мен бөлшектерінен табылған. Зақымданған кей жерлердің пішіні тік төртбұрышқа ұқсайды", –  делінген құжатта. 

Еске сала кетсек, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Әзірбайжанның «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлап, бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам аман қалған еді.