Әлеуметтік желілерде жасөспірім баланың ән айтқан видеосы тарап кеткен болатын.
Депутат Айдарбек Ходжаназаров Қазалыда құлдықта болған отбасына барып, істің мән-жайын біліп келді, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде жасөспірім баланың ән айтқан видеосы тарап кеткен болатын.
Кейін баланың әкесі осы уақытқа дейін құлдықта болғандарын және балалары оқымағанын айтты.
"20 жыл мал бақтым. Ақансері деген адамның малын. Маған осы кезге дейін ештеңе берген жоқ. Мені құлдыққа жұмсап отыр. Балаларым әр жерде, соның жұмысында жүрді. Балаларым оқып қарық қылған жоқ. ...Мені ұрып-соқты. Бала-шағамды да ұрып соқты. Сосын мен қаштым. Біреудің үйінде бір апта жаттым", - деді ол.
Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров та бұл оқиға жайлы хабардар етті.
"Маған келген ақпарат бойынша бұл баланы ата-анасымен бірге әлдекімдер жұмысқа салған. Еңбегін бермей, ұрып-соғып, күшпен ұстаған," - деп жазды депутат Айдарбек Ходжаназаров.
Депутат Қазалыға не үшін барғанын жазды. Ол ең алдымен "20 жыл құлдықта болдық" деген отбасыға көмек қолын созған Раббил есімді жігіттің үйіне барғанын айтты.
"Көмекке, тіпті бірінші кезекте мейірімге мұқтаж адамдарды бауырына басқан Раббилдің шаңырағына барып, алғыс айттым. Қоғамға осындай жанашырлық үлгі болсын. Жасаған жақсылығы Құдайдан қайтсын. Раббилге ешқандай қысым жүрмейді. Қызметіңе алаңдама деп уәде бердім.
Істің ақ-қарасын арнайы органдар зерттеп, сот баға береді. Бұл ұзақ процесс. Бір нәрсе анық: бұл кісілер ауыр жұмыс істегені көрініп тұр. Жарақаттары да бар", - деді ол.
Айдарбек Ходжаназаров Қазалы ауданының әкімімен кездескенін және ол бұл істі өз бақылауында ұстайтынын айтты.
"Бұл кісілерге психологиялық көмек керек. Балаларға білім алу керек. Мектепке баруы керек. Жөнді жылы киімдері де жоқ. Мектептің керек-жарақтары бар. Қысқасы, бұған қатысты шығындарды реттеймін.
Балаларды медициналық тексеруден өткіземіз. Ауыр жұмыс, түрлі жарақат, қиын тұрмыс-тіршілік балаларды қажытып жіберген. Бұған қажет шығындарды да реттеймін. Аудан әкімі де қарап қалмас деген сенімдемін", - деп жазды депутат.
Айдарбек Ходжаназаров бұл отбасыға үй мәселесін шешуге де көмектесетінін жазды.
"Бұл отбасы ешкімге қарамай өмір сүріп кетуі керек. Ол үшін үй керек. Алыс жолдан келгесін жерде бұл мәселені де сұрақ ретінде қалдырмаған дұрыс деп санадым. Раббилмен ақылдасып жатырмыз. Өздеріне жақын жерден үй салып береміз. Шығыны менің мойнымда. Немесе қора-жайы бар, шаруашылыққа келетін дайын үй көреміз", - дейді ол.
Депутат бұл отбасыға қатысты жағымсыз сұрақтар қоймауға шақырды.
"Сіздерден өтінерім, "ұрып-соққан ба?", "кім күшпен ұстаған?" деген секілді сауалдар жараның бетін тырнағандай әсер қалдырып жатыр. Балалардың болашағы алда. Үлбіреген қыздың абыройын да бір сәт ұмытпайық. Істің ақ-қарасын сотқа қалдырайық", - деп жазды Айдарбек Ходжаназаров.