05.02.2025, 18:40

870 млн сұрап отырсыздар, ал былтыр жер сілкінісінде жұрт қақаған қыста далада тұрды – депутат

Фото: parlam.kz

Сейсмикалық орталықтарды жаңадан салу мүмкіндігі бар ма?

Мәжілісте депутат Нартай Аралбайұлы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтен сейсмикалық орталықтардың жайы туралы сұрады, деп Sкifnews.kz ақпарат порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мәжілісте министр "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде баяндама жасады.                        

Депутат Нартай Сәрсенғалиев заң жобасында министрлік өзіне сейсмологиялық мониторинг жүргізу бойынша уәкілеттілік алып отырғанын мәлімдеді.

"Былтыр Алматыда болған бір емес, екі бірдей жер сілкінісі кезінде халық қақаған қыста далада тұруға мәжбүр болды, жылы киімін киіп үлгермеген де жұрт болды. Себебі оларға уақытылы алдын ала жер сілкінісі болады деген ақпарат келген жоқ, не істеу керек екені туралы да тиісті ақпараттық жұмыстар жүргізілмеген", - деді ол.

Нартай Аралбайұлы министрден сейсмикалық орталықтарды жаңадан салу мүмкіндігі туралы сұрады.

"Одан да сорақысын білесіз. Мемлекет басшысы Алматыдағы жағдайды бақылап, одан кейін арнайы мәлімдеме жасаған кезде елімізде 70 сейсмологиялық станция бар екенін айтты. Оның алтауы мүлдем жұмыс істемегенін де айтты. Елімізге 285 сейсмологиялық станция қажет екенін тілге тиек етті. Осылай сынай келіп, сіздің ведомствоның жұмысындағы нақты бір мәселені айтты: "Алматыдағы жағдаятқа қарап, елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2500 семинардың да ешқандай пайдасы болмады" деді. Осыдан сіздерде қорытынды шықты ма? Сейсмикалық орталықтарды жаңадан салу мүмкіндігі бар ма? Өйткені заң жобасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 873,2 млн теңге сомасында қаражат сұрап отырсыздар. Осы қаражаттың ішіне салынған ба?", - деп сұрады ол.

Төтенше жағдайлар министрі жер сілкінісін болжайтын құрал ешбір елде жоқ екенін мәлімдеді.

"Жер сілкінісі бойынша соңғы жер сілкінісі болған кезде Мемлекет басшысы да, басқа жауапты тұлғалар да біздің жұмысымызға оң баға берді. Барлық алгоритм жұмыс істеді. Ақпарат жүйесі уақытылы ақпарат берді. Мысал ретінде алатын болсақ, Алатау оңтүстік базасын құрдық. 173 гектар жерде арнайы шатыр қалашығын құруға дайын екенімізді көрсеттік. ...Мойындауымыз керек, жер сілкінісін болжау, нақты ақпарат беру қазіргі таңда мүмкін емес. Бірде-бір елде ондай ақпарат жүйелері жоқ. Сондықтан дұрыс шешімдер қабылдап, дұрыс алгоритмдер орындауымыз керек деп ойлаймын", - дейді шенеунік.