07.02.2025, 15:20

«Сарбаздарға темекі тұқылын жегізген»: Ақтөбеде сержант сотталды

Фото: Pixabay

Сержант Керімов — Ақтау қаласындағы «25744» әскери бөлімінің медициналық ротасының взвод командирі.

Ақтөбе соты әскери қызметкерді билікті асыра пайдаланғаны үшін 2 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

 Azattyq Rýhy жазуынша, Актөбе гарнизонының әскери соты 42 жастағы әскери қызметкер, сержант Керімовті лауазымын асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп тауып, 2 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды.

Сержант Керімов — Ақтау қаласындағы «25744» әскери бөлімінің медициналық ротасының взвод командирі. Тергеу барысында оның әскери қызметшілерге қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны анықталды.

«Диапазон» хабарлағандай, оқиға медициналық ротаның аумағын тазалау кезінде болған. Сержант жерден темекі тұқылдарын тауып, екі қатардағы жауынгерге сол тұқылдарды жеуді бұйырған. Олар сержанттың бұйрығын орындап, тұқылдарды жеген. Кейін олардың бірі медициналық пунктке барып, «сэндвичтен уланғанын» айтып шағымданған.

Келесі күні сержант Керімов жатақханадағы тәртіпсіздікке наразы болып, осы екі жауынгерді қайтадан шақыртып, олардың біреуін бірнеше рет аяғымен теуіп, «жерге жатып, қолды тіреп жаттығу жаса» деген бұйрық берген.

Сот барысында сержант Керімов өзіне тағылған айыптарды толық жоққа шығарды. Ол ешкімді ұрып-соқпағанын, қатардағы жауынгерлерге тек тәртіпті сақтау туралы ескерту жасағанын айтты. Сонымен бірге, айыпталушының сөзіне сүйенсек, оқиғаға куәгерлер бар, бірақ олар сотта тыңдалмаған.

«Маған ешкімді соққыға жығу немесе тұқылдарды жеуге мәжбүрлеу ойыма да келмеген. Бұл — жала», — деді сержант Керімов.

Ал негізгі зардап шеккен жауынгер өз көрсетпесінде сержанттың оларды тұқыл жеуге мәжбүрлегенін, ұрып-соққанын және жарақат алған жерлерінің суреттерін әкесіне жіберіп, көмек сұрағанын айтты. Ол сержантты кешірмейтінін және заң жүзінде жазалауды талап етті.

Екінші жауынгер болса, сержант Керімовке ешқандай шағымы жоқ екенін және оның досын ұрып жатқанын көрмегенін мәлімдеді. Оқиғада темекі тұқылын жеу фактісі жоқ екенін және өзінің сэндвичтен уланғанын айтты.

Сот сержант Керімовтің билікті асыра пайдаланғанын дәлелденген деп танып, 2 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды. Сонымен қатар, ол жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекпен айналысуға міндеттелді. Осы мерзім ішінде айыпталушы бостандықта болады, бірақ оның қозғалысы мен әрекеттері заңмен шектеледі.