08.02.2025, 18:30

Дәрігер анасы тастап кеткен сәбиді 2,5 ай бойы күтіп-баққан (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

Анасы тастап кеткен шақалақтың салмағы небәрі 650 грамм болған.

Төрт жыл бұрын неонатолог дәрігер Берік Алдияр анасы тастап кеткен, салмағы небәрі 650 грамм болған шақалақты екі жарым ай бойы күтімге алып, аман-есен адам қатарына қосқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бұл ерекше оқиға туралы ол "Қазақстан" телеарнасындағы "Жақсылық жаса" бағдарламасында айтты.

Алматыдағы ауруханалардың бірінде жұмыс істейтін дәрігер сол кезде өміріне үлкен әсер еткен оқиғамен танысқанын жеткізді. Оның айтуынша, анасы тастап кеткен сәбиді бірнеше ай бойы баптап, күтіп, аман алып қалған.

"Кезекшілік кезінде жүктіліктің 25 аптасында әйел адам ауруханаға түсті. Дәрігерлер баланың жүрек соғысы өте нашарлап кеткенін байқап, шұғыл операция жасау қажет болды. Мен және меңгерушіміз жансақтау бөліміне бардық. Нәресте дүниеге келді, бірақ оның тыныс алу мүмкіндігі болмады. Жүрек соғысы өте әлсіз, біз жасанды өкпе желдетуін қосып, реанимация шараларын бастадымыз", - дейді Берік Алдияр.

Дәрігердің айтуынша, анасының құрсағында егіз бала болған. Алайда олардың бірінің жүрегі тоқтап қалып, шетінеп кеткен.

"Сол кезде біз алдымызда үлкен жұмыс тұрғанын түсіндік. Нәресте біздің бөлімде 2,5 ай жатты. Бірте-бірте тыныс алу қабілеті қалыпқа келіп, салмағы артты. Жағдайы жақсарған соң, оны нәрестелердің патологиясы бөліміне ауыстырдық. Сәбиге Полина есімі берілді. Бұл есім маған өте ұнаған әнмен байланысты еді, сондықтан әріптестеріме ұсындым. Қазіргі есімі басқаша екен. Біз өміріне қауіп төнбеген жағдайда балалар үйіне ауыстырамыз. Бала төрт айға жетпей сол жерге жіберілді. Бір ай өткен соң оны жақсы отбасы асырап алды. Қазір оның жағдайы өте жақсы", - дейді дәрігер.