10.02.2025, 13:20

«Жаңа адамдардың» креативті жобалары: Елде қандай маңызды мәселелер шешімін тапты?

Фото: Ақорда

Елдің 19 қаласынан жиналған 4 мыңнан астам белсенді жас қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудің жолдарын ұсынды.

Осыдан екі жыл бұрын құрылған «Жаңа адамдар» қозғалысының мүшелері 15 мың адамға жектен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Астанада жуырда «EXPO» Конгресс орталығында Жаңа Әділетті Қазақстан жақтастарының кездесуі — «Жаңа адамдар сейшні» өткені белгілі.  Жаңаша ойлап, жаңаша әрекет етуге белсенділік танытып жатқан жастар Президенттің алдында өздерінің жаңа жобаларымен бөлісті. 

Елдің 19 қаласынан жиналған 4 мыңнан астам белсенді жас қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудің жолдарын ұсынды. Бүгінде бұл белсенді жастар вандалдармен, рұхсатсыз жерге қоқыс төгушілермен айқасып, жастарға есірткі мен арақ-шарап сататындарға  қатаң күрес жүргізіп келеді. Сондай-ақ олар,  арнайы сайт ашып, еліміздегі педофильдердің санын анықтапты. Осылайша қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп жатқан жастар жұмыс істемейтін шенеуніктермен де аянбай күресіп жатыр. 

Форумда көзі ашық, көкірегі ояу белсенді  жастардың тың идеяларын тыңдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев олардың іс-әрекеттеріне оң бағасын берген еді. 

«Сондай дарынды азаматтардың арқасында бүкіл әлем жұртшылығы Қазақстанды талантты әрі еңбекқор адамдардың елі деп танитын болды. Мемлекет креативті индустрияның дамуына барынша ықпал етеді. Қазір арнайы қор құрылып жатыр. Ол әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындарына қатысты жобаларды жүйелі түрде қолдаумен айналысады. Жастардың қарым-қабілетін көрсетуіне бұл да бір керемет мүмкіндік. Ең бастысы, адал еңбек етіп, адал табыс табу, яғни адал азамат болу. Биыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Біз қоғамда еңбек адамының абырой-беделін көтеріп жатырмыз. Еңбек культін қалыптастыру – аса маңызды міндет. Кез келген жұмыс – қадірлі. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарын игерген жастарымыз зор құрметке лайық», – деді Мемлекет басшысы.

Жастарды қоғамдағы масылдықтан арылту үшін, шығармашылық пен креативті өзгеріс жасауға ұмтылып жатқан қозғалыс мүшелері  өздерін Жаңа Қазақстанның  «Жаңа адамдарымыз» деп санайды. 

«Жаңа адамдар» қозғалысының белсенді мүшесінің бірі - Ғалия Түзен. Әл-Фараби атындағы ҚҰУ 4 курс студенті  «Тұмар» қауіпсіздік қозғалысын құрған. Таксистен көрген қорлығынан кейін, белсенді жас «Қызғылт такси» деген жоба ойлап тауыпты. Түрлі видео роликтерді түсіріп жүрген оның жобасы қоғамда қолдау тауып, миллиондаған қаралым жинаған. Яндекс, Индрайвер сияқты таксиға тапсырыс беріп, қорлық пен зорлық көрген қыздар болса, Ғалияның «қызғылт таксиіне» келіп бар жағдайларын айтса, оларға бірден қолұшын созамыз дейді белсенді. 

«Үш жыл бұрын мен университетке емтихан тапсырайын деп камфорт+ таксиге тапсырыс бергем. Таңғы сағат бесте барып билеттерге дайындалайын деген ойда болып, артқы орындықта отырған едім. Үстімде қалың қыстық киім. Көлікке отырған кезде ішімдіктің иісі бұрқ ете қалды. Бір уақытта көлік жүргізушісі менің аяғыма қолдарын қоя бастады. Қолыңызды тартыңыз десем, сізге комфорт + болу үшін деп жауап берді. Сосын қолын итеріп едім, әлгі еркек мүлдем басқа бағытқа қарай кетіп барады. Сөйтіп, жылап айқайлап, таксиден секіруіме тура келді. Яндекске жаздым болған оқиғаны. Олар ақшаңызды қайтарамыз, жүргізушіні жұмыстан шығарамыз деп құтылды. Сосын полицияға хабарластым. Сөйтіп аман қалғаныма қуандым», - деді Ғалия Түзен. 

Өзінің басындағы жағдайдың құрбыларымен де болғанын естіген соң, «Тұмар» қауіпсіздік қозғалысын құрып, қазір «қызғылт таксиімен» қоғамдық көліктерге жиі рейд жүргізеді екен. «Қызғылт таксидің» мақсаты -  күнделікті қыз-келіншектерді тасу емес, тек басындағы болған оқиғаны ашық айтқан жандарға құқықтық тұрғыдан көмектесіп, баратын жерлеріне тегін жеткізіп салады.

Ғалия президентпен кездесуден кейін, осы ісін ары қарай жалғастырып, өсіп келе жатқан жастардың қауіпсіздігін сақтайтын жобаларды дамыта беретіндігін айтты. 

Ал Алпамыс Әбілов «Жаңа адамдар» қозғалысына достары арқылы келген. Бүгінде ол аталған ұйымның баспасөз хатшысы қызметін атқарады. Мамандығы дінтанушы. Жолдастарынан қозғалыс жайлы естіген Алпамыс бүгінде оның белсенді мүшесіне айналған. Әртүрлі жобаларды жүзеге асыруда үздіксіз жұмыс істеп келеді. 

«Мен Жаңа адамдар қозғалысының баспасөз хатшысымын. Теле-радиолар мен сайт, әлеуметтік желілермен айналысамын. Менің міндетім - жастардың идеясын жүзеге асыру үшін оны қалай халыққа жеткізу керектігін мас-медиа арқылы қамтамасыз етемін. Қазір күні-түні ұйықтамай , жоба жасайтын жастар көп. Қазір балалар мәселесі, азық-түлік қауіпсіздігі, қоғамдық көліктердегі мәселелер көп. Жұмыс істегісі келмей, дайын іске тік қасық болатындар да жетерлік. Солардың санасын өзгертіп жақсы жаққа бағыттау жолында екі жылда біршама шаруалар атқардық. Тоқтап қалған мектептің құрылысының аяқталуын тездеттік. Фейк акауынттар ашу арқылы еліміздегі педофилдердің барын анықтадық» - деді Алпамыс Әбілов. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен форум жастардың дұрыс жолда жүргендеріне сеніп ұялатып, елге еңбек етудің жауаптылығын жүктеген. 

Жиынға қатысқан жігіттің бірі - Әлихан  Сәрсенов. Ол «Халық Қаһары» азаматтық қозғалысының жетекшісі. 2022 жылы Америкадан оралған ол жастар қозғалысы туралы біліп, «Жаңа адамдар» жобасын қолдады. Қолдап қана қоймай, идеяның іске асырылуына тікелей ат салысты. Оның өзі де уәделерін орындамайтын шенеуніктермен күресуге бағытталған «Халық Қаһары» азаматтық қозғалысын құрды. 

«Халық Қаһары» кейстерінің арқасында Қазақ ұлттық өнер университеті су сорғалап жатқан шатырын қайта жаңартатын болды. Соңғы бес жылдан бері шешілмей келе жатқан Оралдағы №31 мектеп салынды. Форум бізге сенімділік берді. Дұрыс жолда екенімізді сезіндік. Сөзбен емес, іспен дәлелдеп жатырмыз. Әртүрлі қаладан жиналған саналы жастармен кездесіп қана қоймай, идея алмасып, бірге жұмыс жасауға жол аштық» - деді ол.