10.02.2025, 19:10

Kaspi.kz және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтарға қарсы ағартушылық бағыттағы роликтер сериясын шығарды

Фото: Kaspi.kz

Жаңа видеолар әр екі апта сайын жарияланады.

Қазіргі заманғы цифрлық қызметтер алаяқтықтан жақсы қорғалған. Ірі компаниялар мен банктер онлайн қызметтердің қауіпсіздік жүйелерін үнемі жетілдіріп отырады. Алаяқтар оларды бұза алмайды, сондықтан клиенттерге психологиялық әсер ету әдістерін қолданады: оларды алдап, құпиясөздер мен кодтарды айтуға немесе ақшаларын белгісіз шоттарға аударуға мәжбүрлейді.

Биыл Kaspi.kz компаниясы B.A.S. Production студиясымен Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің қолдауымен Рүстем Омаров және «Алаяқтар» сериалындағы басқа да танымал актерлердің қатысуымен ағартушылық бағыттағы бейнероликтер сериясын шығарады. Алғашқы роликті Kaspi.kz-тің ресми YouTube-арнасынан көруге болады. Жаңа видеолар әр екі апта сайын жарияланады.

Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі:

«Біз сүйікті клиенттерімізді қорғау үшін ең заманауи технологияларды қолданамыз, олардың жеке деректерін ешкімге сеніп тапсырмау керектігін ескертеміз: кодтар мен құпиясөздерді айтпау, мобильді қосымшаны немесе оған кіруге мүмкіндік бермеу маңызды. Сонымен қатар, біз алаяқтардың сенімге кіру арқылы қалай әрекет ететінін нақты көрсету үшін ағартушылық бағыттағы роликтерді жасауды жөн көрдік. Талантты актерлер алаяқтардың рөлін шынайы сомдап, олардың қулығына түспеудің жолдарын көрсетті. Роликтер еліміздегі барлық телеарналарда көрсетіледі. Оларды мүмкіндігінше көп адам көріп, алаяқтардан өздерін қорғайды деп үміттенемін. Осы маңызды әлеуметтік жобаға қатысқан әр адамға алғыс білдіремін!»

Рүстем Омаров, басты рөлді сомдаған актер:

«Алдымен біз «Алаяқтар» сериалын түсірдік, ол тез арада танымал болды. Кейін бізге Kaspi.kz қысқа роликтер түсіруді ұсынды, өйткені оларды көп адам көруі тиіс еді. Бұл идея бізге ұнады. Kaspi бізге нақты оқиғаларды баяндап, көмектесті. Сонымен қатар, ІІМ, Антикор, Прокуратура, ҚНРДА қызметкерлері де бізге кеңес берді. Біз қызықты фильм ғана емес, еліміздің ең инновациялық технологиялық компаниясымен және мемлекеттік органдармен бірлескен маңызды әлеуметтік жобаны іске асырғанымызға қуаныштымыз. Қазіргі заманғы сервистердің арқасында өміріміз жайлы. Қазақстанда көптеген қызметтерді тікелей смартфон арқылы алуға болатыны керемет жетістік. Ең бастысы – оны қауіпсіз пайдалануды білу. Біз бұл туралы түсінікті әрі қызықты түрде түсіндіруге тырыстық».

Роликтер еліміздің барлық телеарналарында көрсетіледі. Сондай-ақ, оларды интернеттегі Kaspi.kz-тің ресми парақшаларынан көруге болады.