14.02.2025, 02:30

«Жас отбасы бөлек отауда тұрған»: Тарихшы жастардың ата-анамен бірге тұруына қарсы шықты (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Мысалы, жас босанған келін 40 күнге дейін тіпті киіз үйден шықпаған. 

Белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты Салтанат Асанова жас отбасының әке-шешемен бірге тұруына қарсы шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол қазақ халқында мұндай дәстүр болмағанын алға тартты. Тарихшы өз ойын QalamHistory YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

«Жастардың әке-шешемен бірге тұруы керек деген ол дәстүрді бұрмалау. Себебі, қазақтарда жастар ежелден бері өздері бөлек, «Отау» деп аталатын жерде, бөлек тұрған. Сондықтан қазақтардың ешбірі ата-енемен бірге тұрмаған, бір-бірін сыртқы киімнен бөлек киіммен көрмеген.

Сосын баланы босанған соң екінші күні келінді ауланы сыпыру, үй жинау, қыста сиыр саууға жұмсаудың бәрі бұрмаланған дәстүр деп толық айта аламын. Келінге, әсіресе келін боп түскеннен кейінгі бірінші жылда оған ерекше құрметпен қараған. Мысалы, жас босанған келін 40 күнге дейін тіпті киіз үйден шықпаған. 

Оның баласын да ешкімге көрсетпеген. Бәрі оны жан-жақтан күткен. Ол тек байсалды, парасатты адамдармен ғана тілдескен. Тіпті, бала ең алғаш рет қимылдай бастағанда, оның жанында осындай текті адам болғанын қалаған, себебі бала сол адамға тартады деген ырым болған», — деді ғалым.