Алматы облысының уақытша ұстау изоляторында тұтқындарды ұстау ережелерінің бұзылуы бойынша ақпараттар алынды.
Шерзат Болаттың туған-туыстарының мүддесін қорғайтын адвокат Саида Тәуекел қылмыстық іс бойынша сот отырыстарының басталу мерзімін жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Біз қылмыстық істің материалдарын зерттеп біттік. Қазіргі уақытта күдіктілер іс материалдарымен танысуда. Олар толық танысып болған соң, тергеу органдары соттың нақты басталу мерзімін хабарлайды. Біздің болжам бойынша, іс наурыз айында сотқа берілуі мүмкін», – деді адвокат Саида Тәуекел.
Жақында Шерзат ісіне қатысы бар деген күдіктілердің түрмеде туған күндерін атап өткен видеосы тарады. Осыдан кейін адвокаттар құқық қорғау органдарына сұрау жолдады. Алматы облысының уақытша ұстау изоляторында тұтқындарды ұстау ережелерінің бұзылуы бойынша ақпараттар алынды.
Адвокат Ерлан Адаев бұл видеоға қатысты Ішкі істер министрлігіне сұрау жіберіп, қызметтік тексеріс жүргізілген-жүргізілмегенін және изоляторда қолданылған заңсыз құралдардың тәркіленген-тәркіленбегенін сұрастырған.
«Еңбекшіқазақ ауданындағы лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеріс аяқталды. Қорытынды Алматы облысының полиция департаментіне жіберілді. Іске қатысты лауазымды тұлғалардың бәрі тәртіптік комиссия шешімімен жазаға тартылды. Тергеу изоляторында заңсыз пайдаланылған мобильді телефон, Яндекс-колонка тәркіленіп, қызметтік тергеу материалдарына тіркелді. Бейнебақылау камераларының жазбалары да зерттелді», – деп мәлімдеді адвокат.