Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бақылауды әлсіретіп алған мектеп басшысына тәртіптік шара қолданылды.
Павлодарда жұмысқа ішімдік ішіп келіп, 6-сынып оқушысын кеудесінен ұрып жіберген мектеп күзетшісінің әрекетіне қатысты тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мектеп әкімшілігі аталған оқиға бойынша тексеру жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Қауіпсіздік қызметкерінің қол көтергені расталып, білім мекемесіне 102, 103 қызметтері шақырылған.
"Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін мектепке полиция қызметкерлері мен күзет фирмасының өкілдері келді. Полиция қызметкерлері тергеу жүргізіп жатыр. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бақылауды әлсіретіп алған мектеп басшысына тәртіптік шара қолданылды. Ал күзет агенттігінің басшылығына мектеп атынан талап арыз жолданды. Күзетші қызметтік міндеттерін атқарудан босатылды. Білім ұясының барлық қызметкерімен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша қосымша нұсқаулық өткізілді", - деп хабарлады Павлодар қаласының білім беру бөлімінен.
Еске салсақ, Павлодарда ішімдікке тойып алған мектеп күзетшісі оқушыны аяусыз ұрып тастаған.