Марал ишан мен оның ұрпақтары Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтарымен тығыз қарым-қатынаста болған.
Дінсіз адам болғанымен, дінсіз қоғам болмайтыны белгілі. Тіпті дінге сенбейді деген күннің өзінде әйтеуір белгілі бір сенім адамзаттан ажырамай бірге ғұмыр кешеді. Қазақ жеріне Ислам он ғасыр бұрын таралып, бүгінгі күнге дейін өз рөлін атқарып отыр. Көшпелі қоғамда Құдайдың бірлігіне, имандылыққа бас июге шақырған молдалар мен дін иелері болды. Олардың ішінде ерекше қасиеттерге ие әулие ишандар халыққа діни ілім таратып, рухани жетекшілік етті. Солардың бірі – Марал ишан Құрманұлы. Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын Түркістандағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылғанын айтып, жақсы жаңалығын жария еткен. Міне, сол тарихи тұлға Марал Ишан мен оның өмірі туралы Skifnews.kz ақпарат порталының тілшісіне жас ғалым, Қазақстан және Орталық Азия тарихы зерттеу институтының бас директоры Самат Жұматайұлы айтып берді.
- Самат, әңгімемізді мынадан бастайық. Марал ишанның ұстазы кім болған әрі ол қандай діни ілім алған?
- Марал ишанның ұстазы – Қалмұхаммед Бақмұхаммедұлы, яғни Жалаңаяқ ишан. Ол Әзірет Әлінің 35-ші ұрпағы, үлкен ғұлама, хан Абылайдың пірі болған. Жалаңаяқ ишан Бұхарадағы Жам тауындағы медреседе шәкірттеріне білім беріп, ислам ілімдерін тереңдетуге ерекше үлес қосқан. Оның шәкірттері, соның ішінде Марал ишан да Сарыарқа өңірінде исламды насихаттап, халықтың рухани санасын көтеруге ықпал еткен.
- Сонда оның әкесі деп отырған Жалаңаяқ ишанның Марал ишанға ықпалы қандай болды? Оның шәкірттеріне қандай мұра қалдырды?
- Жалаңаяқ ишанның діни білімі мен рухани ілімі Марал ишанға терең әсер етті. Оның бойында ұстазының қасиеттері, ислам дінін кеңінен насихаттау миссиясы жалғасты. Қолда бар құжаттарға сүйенсек, Жалаңаяқ ишанның ықпалымен Марал ишан мұсылмандық жолында ерекше орны бар тұлғаға айналды. 1856 жылғы құжатта Жалаңаяқ ишанның пір болғаны мен оның ықпалында болған шәкірттері туралы нақты деректер келтіріледі.
- Марал ишанның «ғажайыбы» туралы қандай деректер бар? Ол қандай ерекше қасиеттерімен белгілі болған?
- Марал ишанның кереметі көбіне ұстазы Жалаңаяқ ишан сыйлаған көк асамен байланысты айтылады. Оның бір ғажайыбы: Кіші жүзге келгенде, жергілікті халық оны «сиқыршы» деп қабылдамаған да, ол үш шәкіртін отқа тастап, зікір айтып тұрып аман алып қалған. Бұл керемет халықтың көз алдында орын алған және бұдан кейін қазақ жерінде қайталанбаған. Сонымен қатар оның көк асасы арқылы жасалған кереметтер халық арасында кең таралған.
- Ақын Сейтжан Бекшентайұлының шығармасында Марал ишанның тағы қандай ғажайып қасиеті туралы айтылады?
- Ақын Сейтжан Бекшентайұлының шығармасында екі маңызды кереметі баяндалады. Біріншісі – жоғарыда аталған отқа түсіп, аман қалған оқиғасы. Екіншісі – ұстазы Жалаңаяқ ишан қайтыс болғанда, оған аян беріліп, бір күннің ішінде Сыр бойынан Бұхарадағы Жам тауына барып, жаназасын шығарып қайтуы. Бұл оқиға оның ерекше қасиеттерінің дәлелі ретінде халық арасында сақталған.
- Ал Марал ишан үш жүздің пірі атанғаны туралы қандай деректер бар?
- Ақын Сейтжан Бекшентайұлының өлеңінде Марал ишанның үш жүзге пір болғаны сипатталады. Оның әулиелігін мойындап, билеушілердің оған сый-құрмет көрсетуі оның беделінің жоғары болғанын көрсетеді. Мұса батыр мен Шеген бидің оған құрметпен қарауы, айып төлеп, кешірім сұрауы оның үлкен рухани жетекші болғанын айғақтайды.
- Марал ишанның арғы тегі кім болған?
- Ақсары-Күрсары Керейден тараған, Нұрымбеттің немересі Үсен-Құлтаба атанған. Сол үйде қонақ болып отырған бір сыйлы кісі ойнап жүрген Үсеннің аяғына көзі түсіп: «Мына баланың табаны құлдың табанындай үлкен екен» дейді. Үсен аты Құлтаба болып кеткен көрінеді. Одан тараған ұрпақтар Құлтаба әулеті аталып кетеді.
- Марал ишанның әкесі Құрман батыр кім болған? Оның діни көзқарастары қандай еді?
- Марал ишанның әкесі Құрман батыр Кенжебай биұлы – бес уақыт намазын қаза етпеген діндар адам болған. Сонымен қатар, ол хан Абылайдың емшісі болған деген деректер бар. Діни сенімі берік, тақуа адам ретінде ол ұлы Марал ишанға діни тәрбие беріп, оның рухани жетілуіне ықпал еткен.
- Марал ишанның атасы Кенжебай би кім болған?
- Керейдің ішіндегі Қыдырды 3 рет көрген қасиетті, ақыл-парасатымен елді ауызына қаратқан дәулетті, халқына қадірлі ел ағасы болыпты. Күндердің бір күні қалмақтың Хонтайшы деген ханы Кенжебайға: «Айғырларыңның арқыраған дауысы менің биелеріме іш тастатты» деген жала жауып, керейлердің 32000 жылқысын айдап әкетеді. Осы тұста Кенжебай ауылына Қаз дауысты Қазыбек би атты он алты жасар ұлымен қыдырып келіп жатады. Кенжебай би күн суытпай, қалмақ елінен барымталанған малын қайтаруға жарақты жігіттерді жинап жатады. Мәселенің ушығып кететінін сезген бала Қазыбек әкесі Келдібекке: «Маған батаңызды беріңіз. Мына мал дауын өзім шешім қайтайын», - деп әкесінен ақ тілек алысымен Кенжебайдан бір атан, бір серке, сенімді серіктікке Сарбалақ, Сарқұлақ есімді жылқышыларын, жарамды мініс аттарын алып жолға шығады. Дауды жеңіп, 32000 жылқысын айдап алып келеді.
- Марал ишан Қасым төренің ұрпақтарымен қандай қарым-қатынаста болған? Ол Кенесары ханмен қандай байланыста еді?
- Қасым төренің екінші әйелі, Құрман батырдың қызы Бибіден Кенесары дүниеге келгені Көкбай ақынның «Абылай» атты кітабында көрсетілген. Бұл деректі Кенесары ханның ұрпағы Файзолла Үрмізіұлы «Шежіре дастан» кітабында да растайды. Марал ишан өз жиені Кенесары ханның рухани ұстазы, пірі болған. Бұған дәлел ретінде Ишанның Кенесарыға сыйлаған Құран кітабы айтылады. Бұл Құранда: «Иа Аллаһ Тағала, қазақтың ханы Кенесарыны, Аллаға сенген Құрманұлы Маралдың дұғасымен қорғап жүр» деген сөздер жазылып, екі тұлғаның мөрлері басылған. 2023 жылы бұл Құран Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойылды. Осылайша, қазақтың соңғы ханы мен оның пірінің ұрпақтары екі ғасырдан кейін қайта қауышты.
- Шыңғыс төре әулетімен қандай байланысы болған? Шоқан Уәлихановпен қандай тарихи байланыс бар?
- Шоқан Уәлиханов дүниеге келгенде оған азан шақырып Мұхаммед-Қанапия деп ат қойған Қалқай ишан Маралұлы болған. Бұл деректі белгілі жазушы Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» кітабында атап өтеді. Осылайша, Марал ишан мен оның ұрпақтары Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтарымен тығыз қарым-қатынаста болған.
- Шақшақ Жәнібек ұрпақтарымен қарым-қатынасы қандай болды?
- Атақты Шақшақ Жәнібек ұрпақтары, оның ішінде Мұса батыр мен Шеген би Марал ишанды пір тұтқан. Олар ишанмен үзеңгілес серік болған және көптеген маңызды мәселелерде ақылдасып отырған. Тарихи құжаттарда Марал ишанның орыс билігіне жазған хаттарында Мұса батыр да өзінің мөрін басып отырғаны көрсетілген. Сонымен қатар, Марал ишан Жәнібектің Дәуітбайынан тараған Тулаққа Айна есімді қызын қосып, олардың арасындағы құдалық байланыс одан әрі нығая түскен. Марал ишан дүниеден өткен соң, Мұса мен Шеген ұрпақтары оның ұлы Қалқай ишанды пір тұтып, оның қарамағына өткен.
- Марал ишанның батырлық қыры туралы не айтуға болады? Оның әскери жорықтарға қатысуы жайлы нақты деректер бар ма?
- Марал ишан тек діни көшбасшы ғана емес, сонымен қатар, елдің тұтастығы үшін күрескен батыр ретінде де танылған. Ресей мемлекеттік тарихи архивіндегі (РГИА) құжаттарда оның әскери жорықтарға қатысқаны туралы нақты мәліметтер бар. 1824 жылы старшын Жылғара Байтокиннің жазбаларында хиуалықтардың қазақ даласына жасаған шабуылдары туралы айтылады. Осы кезде Марал ишан қаруланып, өз сарбаздарымен хиуалықтарды шегінуге мәжбүр еткен. Сонымен қатар, 1823 жылы хиуалықтардың Бұхараға шыққан керуенді тонап, 50 адамды өлтіріп, 1000 түйе мен 10 000 қойды айдап кету оқиғасынан кейін, Марал ишан он мыңға жуық бағаналы, шақшақ және алшын қазақтарын жинап, Сыр бойындағы хиуалықтардың бекінісін жойған.
- Марал ишанның ұрпақтары қандай діни және ағартушылық қызмет атқарды?
- Марал ишанның ұрпақтары қазақ жерінде ислам дінін насихаттаумен айналысты. Олар Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Омбы өңірлерінде діни білім таратты. Әсіресе, оның тұңғыш ұлы Қалқай ишан ерекше білімді ғұлама болған. Ол Бұхара мен Бағдадта оқып, 12 пән бойынша шатырхат алған. Оның бастамасымен көптеген мешіттер мен медреселер салынып, халықтың діни сауаты көтерілді. Сонымен қатар, Қалқай ишан Шығыс қиссаларын жатқа білген. Оның қолжазбалары Қазақстанның Әдебиет және өнер институтының архивінде сақталған.
- 20 ғасырда Марал ишанның ұрпақтары қандай қиындықтарға тап болды? Кеңес билігінің дінге қарсы саясаты оларға қалай әсер етті?
- Кеңес билігі орнаған кезде дінге қарсы саясат күшейіп, көптеген ишандар қуғынға ұшырады. Соған қарамастан, Марал ишанның ұрпақтары халықтың діни сауатын арттыру жұмыстарын жалғастыра берді. 1960-70 жылдарға дейін Сүлеймен ишан, Жүнісхан ишан және басқа да баба ұрпақтары халыққа діни қызмет көрсетіп, ауру-сырқауларды емдеумен айналысты. Кейбір деректер бойынша, олардың бойындағы қасиеттерімен жын қонған науқастарды да емдегені айтылады.
- Сүлеймен ишан кім болған? Оның білім деңгейі мен діни қызметі қандай еді?
- Сүлеймен ишан Есмұхаммедұлы 1887 жылы Қызылорда өңірінде дүниеге келген. Ол Бұхарадағы Көкілташ медресесін бітіріп, белгілі дін ғұламасы болған. Бірнеше тілді меңгеріп, Құранды қазақша мағынасымен оқи білген. 1949 жылы Қызылорда облыстық «Айтбай» мешітіне имам болып тағайындалып, 1969 жылы қайтыс болғанға дейін осы қызметін атқарған. Сүлеймен ишанның білімділігі соншалық, ол К. Маркстің «Капиталын» оқып, оны өз көзқарасымен бағалап, «Маркс әртүрлі ұзындықтағы бес саусағыңды бірдей қыламын деген қиялшыл кісі» деп сипаттаған.
- Қауыс ишан мен Шәмші ишандар кім болған? Олардың халық арасындағы беделі қандай еді?
- Қауыс ишан мен Шәмші ишандар халықтың қорғаны болып, өз өмірлерін дін жолында арнаған тұлғалар. Қармақшыда Қауыс ишан, Қойбағарда Шәмші ишан ата жолын жалғап, имандылықты насихаттап, халыққа рухани жетекшілік етті. Олар тек діни қызмет қана атқарып қоймай, халықтың әлеуметтік мәселелеріне де көңіл бөлген.
- Жүнісхан ишан Үндемесұлы кім болған? Ол қандай діни және емшілік қызмет атқарған?
- Жүнісхан ишан Үндемесұлы 1902 жылы Қостанай облысы Қамысты ауданында дүниеге келген. Ол әкесінен діни білім алып, кейін Ташкентте оқуын жалғастырған. 16 жасынан бастап емшілікпен айналысқан. Ол жетім-жесірлерге, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға көмектесіп, халықтың қамқоршысы болған. Оның емшілігі халық арасында кең танылып, көпшілік оны қасиетті емші ретінде құрметтеген.
- Әмит (Абдулхамид) ишан Әбдірахманұлы кім болған? Оның діни және емшілік қызметінің ерекшелігі неде?
- Әмит ишан – Марал бабаның шөбересі, ерекше қасиеттерімен танылған тұлға. Оның әкесі Әбдірахман мағзым 1903-1905 жылдары қажылық сапарында Түркия сұлтаны Абдулхамидпен кездесіп, құрметке бөленген. Осы құрмет белгісі ретінде баласына Абдулхамид есімін қойған. Әмит ишан өте зерек бала болып, 5 жасында Құранды толық жаттап алған. Білімін жетілдіру мақсатында 1919 жылы Ташкентке, кейін Бұхараға барып, медресенің тәбибтік (медицина) бөлімін үздік аяқтап, шатырхат алған. Ол мешітте имамдық қызмет атқара жүріп, халыққа дәстүрлі шипалы ем жүргізген. Дәрілік шөптерден ем жасап, оның қабылдауына бір рет келген науқастар қайта ауырмаған деген аңыздар бар.
- Шәймерден Қосшығұл мен Марал ишанда қандай туыстық қатынас бар?
- Шәймерден Қосшығұл 90 жылдан кейін арғы атасы Марал ишанның жолын қуған адам болған. Кенжебай биден – Ырай, Құрман. Құрман батырдан – Алшынбай, Құлжабай, Арал, Марал (әйгілі Марал ишан). Құлжабайдан – Ұса, Мұса. Ұсадан – Ермек (әйгілі Ермек әулие), Қосшығұл, Ораз, Наурыз. Қосшығұлдан – Баймұхамет (бәйбішесінен), Қалыш, Әбіш, Құрыш, Мұстафа, Шәймерден (кіші әйелінен). Сонда әйгілі Ақмола көпесі Баймұхамет пен Мемлекеттік Дума депутаты Шәймерден – ағалы-інілі бауыр.
- Ұса баласы Ермек әулие кім болған?
Ермек әулие XIX ғасырда өмір сүрген, ерекше қасиеттерге ие көріпкел, емші әрі имам болған. Ол дұға оқып, жаңбыр жауғызған, күннің күркірін тоқтатқан. Балалық шағында ыстық күндерде үнемі басына бір шөпім бұлт көлеңке түсіріп отырған.
Ел арасында абыройлы болғанымен, кейбір байлар оны жақтырмаған. Бір бай тойына шақырмағанымен, той үстінде дауыл көтеріліп, киіз үйлер қирай бастайды. Бай мұны Алланың құдіреті деп түсініп, Ермек әулиені шақырғанда күн бірден ашылады.
Қуаңшылық кезінде ол тасаттық жасап, дұға оқып, жаңбыр жауғызған. Құрбандыққа аппақ жылқы шалып, тұрмысы төмендерге көмектескен. Байлыққа қызықпай, тапқанын халыққа үлестірген.
Ол қазіргі Омбы өңіріндегі тұзды көл маңында жерленген. Оның зираты егістік алқабының ортасында орналасқандықтан, бірде-бір техника ол жерге жолай алмаған. Совхоз директоры қабірді жыртуға бұйрық бергенімен, тракторшылар батпаған, ал біреуін араққа тойдырып жібергенде, ол аяқ астынан қайтыс болған. Содан бері қабірді ешкім бұзуға әрекет жасамаған.
Ермек әулиенің зираты жыл сайын нұрланып, шырақ жарығы төгіліп тұрады.
- Әмит ишан қуғын-сүргін кезінде қандай қиындықтарға тап болды? Ол қай елдерде өмір сүрді?
- Кеңес өкіметі орнаған кезде діни тұлғаларға қатаң қудалау басталды. Әмит ишан «Марал ишанның ұрпағысың» деген желеумен қуғынға ұшырады. Ол Тәжікстанға қоныс аударып, Тәжібаев Байғазы есімімен жасырын өмір сүрген. Күндіз мектепте сабақ беріп, түнде тәжік балаларына жасырын түрде діни білім үйреткен. Оқытқан 33 шәкіртінің барлығы үздік бітіріп, олардың біразы кейін жоғары қызметтер атқарған. Вахш өзенінде салынған «ГРЭС Байғозы» электр станциясы оның құрметіне аталған деген дерек бар. 1946 жылы Қармақшыға оралып, 1961 жылы ұзақ науқастан кейін қайтыс болған.
- Әмит ишанның мұралары қандай және олар қайда сақталған?
- Әмит ишанның арқасында бірнеше діни, медициналық, тарихи кітаптар сақталып қалған. Сондай-ақ, оның қолжазбаларында сопылыққа қатысты деректер, өлеңдер жинақтары, хаттар мен шежірелер бар. Бұл мұралар оның діни білімі мен рухани мұрасын келесі ұрпақтарға жеткізуге септігін тигізді.
- Кеңес үкіметі кезінде Марал ишан ұрпақтары қандай қиындықтар көрді?
- Кеңес билігінің дінге қарсы саясаты кезінде Марал ишанның ұрпақтары көп қиындық көрді. Көптеген ишандар қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстаннан тыс жерлерге көшуге мәжбүр болды. Бірқатары Ресей, Өзбекстан мен Тәжікстанға қоныс аударып, сол жақта діни қызметін жасырын түрде жалғастырды. Соған қарамастан, олардың арасында ислам дінін ұстануды тоқтатпағандар да көп болды.
- Баба ұрпақтары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ба?
- Иә, баба ұрпақтары Екінші дүниежүзілік соғысқа да қатысты. Зәйкен Көпейұлы, Дастан Үндемесұлы мен Пәруаз Абдрахманұлы соғыста қаза тапты. Ал Темірбек Көпейұлы, Ікірамша Кәрімұлы, Ақлима Ысқақұлы, Қаби Асанұлы сынды баба ұрпақтары соғыста ерлік көрсетіп, мемлекеттік марапаттарға ие болды. Олар елге аман-есен оралып, халық игілігі үшін қызмет етуді жалғастырды.
- Бүгінде Марал ишанның ұрпақтары қайда тұрады?
- Қазіргі уақытта Марал ишанның ұрпақтары Қазақстанның бірнеше облысында, сондай-ақ, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей және Германия елдерінде өмір сүреді. Олар баба мұрасын зерттеп, діни еңбектерін жинақтап, оның рухани мұрасын сақтауға атсалысуда.
- Жақсы. Уақытыңды бөліп, сұхбаттасқаныңа көп рақмет!