25.02.2025, 13:20

Дулат Исабеков бала күнінде «қайтыс болып», өмірін қайта жалғаған – Жазушы жайлы таңғажайып оқиға

Фото: Қазақ әдебиеті

Дулат бала күнінде аурушаң болып, қатты сырқаттанып, тіпті «қайтыс болды» деп саналған. Жерлеуге дайындап, киізге орап, бөлмеден шығарған сәбидің таңертең бетіне қарағанда күліп жатқанын көріп, бәрі қатты таңғалған. Осылайша, ол тағдырдың ауыр сынынан аман қалған.

Қабырғалы қаламгер, қазаққа аты мәшһүр, замандастарының айтуынша 30 жасында-ақ әдебиетте өз қолтаңбасын қалдырған Дулат Исабеков 82 жастан асар шағында бақиға бет түзеді. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы жазушының өмір жолы, шығармашылығына тоқталып, қаламгер жайлы сөз қозғауды жөн көрді.

Ғұмыр жолы

Дулат Исабековтің ата-бабасы еңбекқор, тағдырдың талай ауыр сынағына төтеп берген жандар еді. Атасы Алдаберген теміржол құрылысына қатысып, ауыр еңбектің салдарынан жазылмас дертке шалдығып, баласы Исабекті кенже інісі Мәуленге аманаттап кетеді. Осылайша, Исабек әкесіндей болған Мәуленнің қолында өсіп, отбасын құрады.

Дулат Исабековтің ата-бабалары Сырдың арғы жағынан шыққан. 1940 жылдары ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқаны кезінде әкесі Исабек отбасымен бірге Сайрамға көшіріледі. Сол кезде анасы жүкті болып, Дулат дүниеге келеді. Оның есімін қоюға атасы Мәулен ерекше мән берген. Ол жаңа туған немересінің есімін кітаптан қоймай, «Қалың дулаттардың арасында дүниеге келді» деп, Дулат деп атауды ұсынады. Алайда бастапқыда ата-анасы баланың құлағындағы тесікті ескеріп, Нысанбай есімін береді. Дегенмен Мәуленнің хабарынан кейін Исабек қайта азан шақырып, ұлына Дулат есімін береді.

Қаламгердің еңбек жолы

Ол 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, «Ленин жолы» ауылында дүниеге келген. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1963-1968 жылдары Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор қызметінен бастаған. 1968-1970 жылдары «Қазақ Совет энциклопедиясы» бас редакциясында аға ғылыми редактор, 1971-1976 жылдары «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болған. 1976-1980 жылдары «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі қызметін атқарды. 1980-1988 жылдары ҚР Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасында бас редактор болып жұмыс істеді. Ал 1988-1997 жылдары Қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін атқарды. 1997 жылдан бастап Мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының директоры болды. Көзі тірісында республикалық «Мәдениет» журналының бас редакторы, сондай-ақ Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры болды.

Шығармашылығы

Әдебиетке алғаш қадам басқан жылдары оның «Жолда» деп аталатын алғашқы әңгімесі 1963 жылы Қазақстан жазушыларының «Замандастар» жинағына енді. Сол жылы «Шойынқұлақ» атты әңгімесі «Лениншіл жас» газетінде жарияланып, жазушының есімі оқырмандарға кеңінен танылды.

Исабековтің шығармашылығында «Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын» (1980) сынды прозалық туындылары ерекше орын алады. Сонымен қатар «Шойынқұлақ», «Ақырамаштан наурызға дейін», «Ескерткіш», «Социализм зәулімі», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуі», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпірлер», «Шалдар», «Тыныштық күзетшісі» шығармалары әр жылдары жарық көріп отырды.

Жекелеген повестері мен әңгімелері қытай, венгр, неміс, чех, болгар, түрік, өзбек және ағылшын тілдеріне аударылып, шетелдік оқырмандарға таныстырылды. Жазушының шығармалары негізінде бірнеше көркем фильмдер мен телесериалдар түсірілді. «Гауһар тас» (1975), «Дермене» (1994), «Тауқымет» (1998, «Тіршілік» повесі бойынша), «Лотерея» (2013, «Ержеткенше» повесі бойынша), «Балуан Шолақ» (2019, «Жаужүрек» пьесасы негізінде) көрерменге жол тартты. Сондай-ақ оның әйгілі «Әпке» пьесасы бойынша телесериал түсірілген.

«Әпке» жайлы

Белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов Исабековтің драматургияға келген алғашқы туындыларының бірі «Әпке» пьесасына ерекше тоқталады. Оның айтуынша, «Әпке» – өлмейтін тақырыпқа арналған шығарма. Расында, бұл пьеса отбасылық құндылықтар, жақындарыңа деген жанашырлық пен құрбандық мәселесін қозғайды. Жазушы аталған туындысында адам жанының нәзік қырларын шеберлікпен аша білген. «Әпке» пьесасының басты кейіпкері – өмірін бауырларына арнаған әпке. Оның тағдыры арқылы жазушы қоғамдағы әйел бейнесін, оның мейірімі мен жанкештілігін көркемдік деңгейде көрсетеді.

Дулат Исабековтің шығармалары өзектілігін ешқашан жоғалтпайды, себебі ол қоғам мен адамның ішкі жан дүниесін терең зерттеп, олардың ең шынайы сезімдерін қағазға түсірген жазушы. Ол әр шығармасында адамның тағдырын, жан азабын, махаббаты мен өкінішін, өмірдің мәнін философиялық тұрғыда суреттейді. Жазушы кейіпкерлерінің әрқайсысының өзіндік мінезі, ерекшелігі, тағдыры бар. Бұл оның туындыларының өміршең болуына ықпал етеді.

Дулат Исабеков – әдебиет пен өнерге бар жан-тәнімен берілген, шығармашылығын адам тағдырын зерттеуге арнаған суреткер. Оның қаламынан туған туындылар қазақ әдебиетінің алтын қорына енген жауһарлар. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «жазушы – өмірден өнер жасайтын тұлға» деген пікірі Исабековке толықтай сай келеді. Өйткені ол тек сөзден көркем шығарма жасап қана қоймай, сол шығармалар арқылы оқырманның жүрегіне жол табатын қаламгер.

Романы әлемнің 6 тіліне аударылған

Дулат Исабеков – қазақ әдебиеті мен драматургиясының көрнекті өкілі, шығармалары әлемнің алты тіліне аударылған талантты қаламгер. Оның драматургиялық мұрасы 26-дан астам пьесаны қамтиды, олардың қатарында «Әпке», «Ертеңді күту», «Мұрагерлер», «Кішкентай ауыл», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Тор», «Актриса», «Аққу-Жібек», «Әнші құстар фестивалі», «Мұңлық-Зарлық» секілді туындылар бар. Бұл шығармалар жылдар бойы қазақ театрларында үздіксіз қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, оның пьесалары Санкт-Петербург, Омбы, Лондон, Болгария, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Башқұртстан театрларының сахналарында да көрермен назарына ұсынылды.

2012 жылы жазушының 70 жылдық мерейтойына орай өткен «Исабеков әлемі» халықаралық театр фестиваліне алты отандық және алты шетелдік театр ұжымдары қатысты. Ал 2014 жылы Лондонда ұйымдастырылған «Қазақ әдебиетінің апталығы» аясында Кембридж университетінде қаламгердің «The Little Pearl and Other Stories» («Гауһар тас») атты ағылшын тіліндегі жинағының тұсаукесері өтті. Осы шарада Лондонның «Giant Olive Theatre» театрында оның «Өкпек жолаушы» пьесасының премьерасы сахналанды.

2015 жылы Лондонда өткен «Қазақ мәдениетінің күндері» фестивалінде жазушының «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесі «We Never Know the War...» атауымен ағылшын тіліне аударылып, оқырманға жол тартты.

2016 жылы Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан қаламгердің төрт томдық шығармалар жинағы жарық көрсе, 2017 жылы Лондонда оның 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ өнерінің фестивалі» ұйымдастырылды. Бұл шараға М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мен Республикалық мемлекеттік Кәріс музыкалық комедия театры қатысып, ал Pajarito театры «Аққу-Жібек» пьесасын ағылшын тілінде сахналады. Оған қоса осы фестиваль аясында «Аққу-Жібек» пьесалар жинағы мен «Short Stories: Dedicated to the 25th Anniversary of Kazakhstan Independence» атты электронды кітаптың тұсаукесері өтті.

2018 жылы жазушының «Қарғын» романы француз тіліне, ал «Ержеткенше» повесі Біріккен Ұлттар Ұйымының алты ресми тіліне аударылып, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрді.

Дулат Исабеков – Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Тәуелсіз Қазақ ПЕН-клубының және платиналы «Тарлан» сыйлықтарының иегері. Сондай-ақ, ол «Достық» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған, елдің әдеби мұрасына сүбелі үлес қосқан қайраткер қаламгер.

Бала кезінде «қайтыс болған»

Жазушы қиын кезеңде дүниеге келді. Әкесі соғысқа кеткенде ол жөргектегі сәби еді. Анасы бес баламен жалғыз қалып, тұрмыс тауқыметін көп көрді. Дулат бала күнінде аурушаң болып, қатты сырқаттанып, тіпті «қайтыс болды» деп саналған. Жерлеуге дайындап, киізге орап, бөлмеден шығарған сәбидің таңертең бетіне қарағанда күліп жатқанын көріп, бәрі қатты таңғалған. Осылайша, ол тағдырдың ауыр сынынан аман қалған.

Дулат Исабеков бала күнінде өте бұзық болып, тіпті 9-сыныпта оқудан шығып кете жаздаған. Анасы дүниеден өткен соң, бауырларымен бірге туған ауылынан көшеді. Сол кезең оның шығармашылық өміріне терең із қалдырды. Әпкелері мен үлкен ағасы оларды қанатының астына алып, қамқорлық көрсеткен. Әпкелері бауырларына туған балаларынан да артық қарап, оларды жеткізу үшін өз өмірлерін құрбан етті. Бұл жағдай кейінірек «Әпке» пьесасының дүниеге келуіне түрткі болды.

Дулат Исабековтің балалық шағы қиындықпен қатар қызыққа да толы болды. Ол ауылда мақта теріп, күнкөріс үшін ауыр жұмыс атқарды. Мектеп қабырғасында әдебиетке құштарлығы артып, алғашқы өлеңдері мен әңгімелерін жаза бастады. Оның алғашқы әңгімесі 1963 жылы «Жолда» жинағында жарық көрді. Кейіннен «Қарғын» романы, «Тіршілік», «Қара шаңырақ» сияқты повестері оқырман жүрегінен орын тапты.

Ол әртүрлі баспаларда, телерадио комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Қазақ әдебиетіне, драматургиясына өлшеусіз үлес қосты. Оның шығармалары шетелдік театрларда қойылып, халықаралық дәрежеде мойындалды. 2012 жылы Алматыда алғаш рет «Исабеков әлемі» фестивалі өтіп, оның шығармалары бірнеше елде сахналанды.

Азаматтық ұстанымы

Қаламгер ұлттық мәселелерді әрдайым алға қойды. 2013 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында оралмандар мәселесін көтеріп, олардың елден қайта көшіп кетуіне себепші болғандарды жазалауды ұсынды. Дулат Исабековтің шығармашылығы мен азаматтық ұстанымы қазақ әдебиеті мен мәдениетіне зор ықпал етті. Оның көзін көрген, дәмдес болған, дәрісін тыңдаған азаматтардың, шәкірттерінің сөзінше, жазушы билік өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болса да, қоғамның, ұлттың мәселесін кез келген басшының алдында айта білген.

Ақтық сапар һәм қоштасу

Күні кеше Қазақстан Жазушылар одағында қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері, классик жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековпен қоштасу рәсімі өтті. Қаралы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, қаламдас достары, оқырмандары мен туған-туыстары жиналып, қазақ руханиятының орны толмас қазасына ортақтасты.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов ашып, Дулат Исабековтің қазақ әдебиеті мен руханиятындағы биік орнын атап өтті. Ол жазушының қаламгерлік қуаты мен азаматтық болмысы жайлы айтып, қаралы қауымға көңіл білдірді.

Алғашқы сөз Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қаринге беріліп, ол Дулат Исабековтің сан қырлы шығармашылығына тоқталып, қазақ әдебиетіндегі теңдессіз еңбегін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып, жазушының еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланғанын жеткізді.

Қазақстанның Еңбек Ері, театр және кино өнерінің тарланы Асанәлі Әшімов жазушымен өткізген жарқын сәттерін еске алып, оның қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан өлшеусіз үлесін тебірене әңгімеледі. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік қаламгермен болған достықтың маңыздылығына тоқталып, оның шығармашылық келбеті мен адами қасиеттерін жүрек сыздатар сағынышпен баяндады. Жазушы, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеев сахна төріне шығып, қазақ әдебиетінің бір дәуірін қалыптастырған қаламгерлер арасындағы шынайы достық пен шығармашылық ынтымақтастық туралы сыр шертті. Ол Дулат Исабековтің әдебиетке қосқан өлшеусіз еңбегін атап өтіп, оның мұрасы мәңгі жасайтынын жеткізді. Жазушының отбасы атынан мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбішев сөз сөйлеп, Дулат Исабековтің отбасына, оның жақындары мен ұрпақтарына деген сүйіспеншілігін, қалдырған мұрасы мен өшпес өнегесін тебірене жеткізді.

Иә, рас, қазақ руханияты орны толмас қазаға ұшырады. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Нұрлан Оразалин қаламгер іні-бауырларының атынан сөз сөйлеп, Дулат Исабековтің қазақ әдебиетіндегі өшпес мұрасы жайында тебірене айтты.

Дулат Исабеков – қазақ прозасының ұлы шебері, драматургияның дарабозы, ұлттық мәдениеттің асқақ тұлғасы. Оның қаламынан туған шығармалар уақыт өте келе құнын жоғалтпай, келер ұрпаққа рухани азық болары анық. Қаралы күні қаламгерді соңғы сапарға шығарып салуға жиналған халық оның рухына бас иіп, еңбегіне құрмет көрсетті.