Ер адам ауруханаға жатқызылды, оның жағдайы тұрақты
Instagram желісіндегі karaganda_vkurse парақшасында жарияланған видеода ер адам орындықта қансырап отыр, оның бір саусағы жартысынан кесіліп қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желідегі мәлімет бойынша, «Алмаз» сауда орталығына қарама-қарсы жерде такси жүргізушісіне шабуыл жасалған, ол үш жерден пышақ жарақатын алған.
«Біз жараланған адамды көріп, оған жақындай бастағанымызда, оған жоламаңыздар, ол маскүнем деген дауыс естілді. Бірақ оның маскүнем емес екенін көрдік, ол есеңгіреп қалғандай көрінді», — делінген жастардың әлеуметтік желідегі жазбасында.
Олар зардап шеккен адамға жақындағанда, ол «мені өлтірмеңдерші» деп үрейлене айқай салған.
Жігіттер су сатып алып, оның бетін жуды. Осыдан кейін олар жүргізушінің көлігіне барғанда дөңгелегі пышақпен тесілгенін көрген. Ер адам қорыққанынан болса керек көлігін құлыптап алған.
«Біз орындық тауып, тіс дәрігерінің кабинетіне жүгіріп кіріп, алғашқы көмек көрсету үшін қажеттінің бәрін сұрап алдық. Саусағы кесіліп кеткен болатын. Жарасы мен бетін таңып, полиция мен жедел жәрдем шақырдық», — дейді жігіттер.
Ер адам ауруханаға жатқызылды, оның жағдайы тұрақты. Полиция 53 жастағы такси жүргізушісінің денесіне зақым келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушы мен такси жүргізушісі арасында жанжал шыққан. Ұсталған азамат полиция бөлімшесінде.