27.02.2025, 19:20

«Былтырғы қауіп қайталанбай ма»: Ел билігі су тасқынына қалай дайындалып жатыр?

Фото: Үкімет

Өңір басшылары қауіпсіздік жұмыстарын күшейтіп, тасқынға тосқауыл болатын жолдарды қарастырып жатыр.

Былтырғы көктем бәрінің есінде қалғаны анық. Себебі еліміздің басым бөлігін тасқын су шайып, халық үй-күйсіз қалып, не істерін білмей дал болды. Үкімет былтырғы қауіптен сабақ алса керек, биыл табиғи апатқа дайындықты ерте бастап кетті. Қараша айында премьер-министр Олжас Бектенов үкімет мүшелеріне кеңес өткізіп, тасқынның. Алдын-алуға ертерек қамдануды тапсырған болатын, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жылдағы қауіпті жерлерде орын алуы ықтимал су тасқыны жағдайының алдын алу бойынша дайындық шаралары жүргізілуде. Атырау, Қостанай, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері және экология және табиғи ресурстар, төтенше жағдайлар, көлік министрлері, сондай-ақ су ресурстары және ирригация вице-министрі баяндама жасады.

Гидрологиялық болжамдарға сәйкес, қыста температура режимі климаттық норма шегінде болып, жауын-шашын мөлшері көпжылдық нормадан асады деп күтілуде. 2025 жылғы су тасқыны кезеңін болжауды жақсарту мақсатында "Қазгидромет" РМК су басу қаупі басым өзен учаскелерінде 31 деңгейлі гидрологиялық бекет ұйымдастырылып, ашылды. Бүгінгі таңда 377 гидрологиялық бекет, 25 қар өлшеуіш маршрут және 347 метеорологиялық станса жұмыс істейді. 9 облыста коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау және оларға қызмет көрсету бойынша мамандандырылған ұйымдар құрылды. Өзендер үшін "HBV" және "SWIM" сандық модельдерін бейімдеу бойынша жұмыстар жалғасуда, бұл алдағы су тасқыны кезеңінде су басу қаупі бар аймақтарды анықтау мүмкіндігімен судың күтілетін ең жоғары деңгейін көрсете отырып, гидрологиялық болжам жасауға мүмкіндік береді.

Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 95 км каналды механикаландырылған тазарту жұмыстары жүргізілді. Өзендердің 51 учаскесі және 10 облыста 1 көл анықталды, онда бірінші кезекте өзендердің арналарын санациялау қажет. Орталық, солтүстік және батыс өңірлердегі өзендердің басым учаскелерінде топографиялық түсірілім және жайылмалар мен арналардың батиметриясы жүргізіледі. Жұмыстар аяқталғаннан кейін деректер FLOOD.GHARYSH.KZ су тасқынын модельдеу жүйесіне жүктеу үшін ЦДИАӨМ-ге жіберіледі.   Жергілікті атқарушы органдар 1110 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, нығайтылды, оның 275 шақырымы 2025 жылғы су тасқыны маусымына дайындалған. Биылғы тәжірибе мен апат ауқымын ескере отырып, 63 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Сондай-ақ шамамен 7 мың бірлік техника тартылды.

Су тасқыны қаупі бар учаскелерде автожолдарды реконструкциялау және жөндеу кезінде топырақ төсемі үйіндісін биікттету, қосымша көпірлер мен су өткізгіш құбырларды орнату, су өткізгіш құбырлардың диаметрлерін және олардың санын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бүгінде реконструкция жүргізілген нысандарда 63 көпір салынып, 324 су өткізгіш құбыр төселді. Республикалық жолдарды орташа жөндеу шеңберінде 6 апатты көпірді күрделі жөндеу және су тасқыны қаупі бар учаскелерде 420 су өткізу құбырын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ол бойынша барлығы 396 су тасқыны қаупі бар учаскелер, 68 көпір және 768 су өткізу құбырлары анықталып, ерекше бақылауға алынды. Сонымен қатар ТЖМ-нің өңірлердегі су тасқынына қарсы іс-шаралардың іске асырылу барысын тексеру нәтижелері бойынша Олжас Бектеновке инженерлік жоспарларда көзделген бірқатар жұмыстардың орындалмағаны туралы баяндалды. Олжас Бектенов жергілікті жерлердегі жұмыс қарқынын сынға алып, олар тиісті деңгейде жүргізілмей жатқан өңірлердегі инфрақұрылым мен гидротехникалық құрылыстарды дайындау бойынша алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Премьер-министр мұндай тәсілге жол беруге болмайтынын атап өтті. Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарының әкімдеріне бір ай мерзімде жоспарланған шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

"Өңір әкімдері қысқа мерзімде су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыру бойынша барлық кешенді шараларды қабылдауы тиіс. Ең алдымен, су бұру арналарының, арықтар мен дренаж жүйелерінің дайындығын қамтамасыз ету қажет. Тасқын қаупі бар елді мекендер маңына топырақ бөгеттер тұрғызылып, үлкен судың келуінен қорғалуы тиіс", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр су тасқыны қаупі бар елді мекендерді қорғауды қамтамасыз ету, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің жеткілікті қорын дайындауды тапсырды. Дәл осындай шараларды көлік қатынасы үзіліп қалуы мүмкін жерлерде де қабылдау керек. Қыс мезгілінде, әсіресе ауылдық елді мекендерден қарды уақтылы шығаруды ұйымдастыру тапсырылды. Су тасқыны маусымына арнайы және инженерлік техника алдын ала жұмысқа сақадай сай тұруы тиіс. Сонымен қатар жергілікті бюджеттерде ықтимал төтенше жағдайларға қаражат қарастырып, қажетті ресурстарды дайындау маңызды. Су ресурстары министрлігінің алдына су қоймаларын толтыру көлемін бақылауды қамтамасыз ету, қажет болған жағдайда суды қауіпсіз ағызу жөнінде шаралар қабылдау міндеті қойылды. Көрші мемлекеттермен су шығыны және трансшекаралық өзендерде қауіптердің туындауы туралы үнемі ақпарат алмасу ұйымдастырылады.

Төтенше жағдайлар министрлігіне "Көктем–2025" оқу-жаттығуы шеңберінде су тасқыны жағдайының күрделенуі кезінде нақты іс-қимылдар алгоритмін пысықтау, оның ішінде жедел ден қоюға арналған күштер мен құралдар топтамасын айқындау тапсырылды. Премьер-министр ТЖ аймақтарына, оның ішінде теміржол және әуе көлігімен күштер мен құралдарды жеткізудің нақты тетігі қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жарылғыш заттар мен инертті материалдардың қорын дайындау, құлақтандыру жүйелерінің дайындығын тексеру, эвакуацияланатын халықты қабылдау пункттерін анықтау және тұрғындарды белгіленген орындар туралы алдын ала хабардар ету, ауыл шаруашылығы жануарларын айдап апару үшін қауіпсіз учаскелерді қарастыру тапсырылды. Олжас Бектенов төтенше жағдайлардың салдарын жою, оның ішінде залалды өтеу кезінде ден қою мәселесіне жеке тоқталды. ТЖМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы бағыттағы мәселелерді шешу тетіктерін пысықтау қажет.

Сондай-ақ елді мекендерге қауіп төнген және су басқан кездегі өзін-өзі ұстау, қауіпті аймақтардан қауіпсіз жерлерге көшіру ережелері туралы халықты уақтылы және сапалы хабардар ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиісті тапсырмалар берілді.

Ақтөбе облысы тасқынға дайындықты күшейтті

Облыс әкімі Асхат Шахаров төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық штабтың кезектен тыс отырысын өткізді.

Жиынға қала және аудандардың әкімдері, төтенше жағдай қызметкерлері, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен  өзге де тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде қаралған сұрақ – өңірдің көктемгі су тасқынына дайындығы.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов былтыр топырақтың терең қатуы мен жер тоңының қалыңдығына байланысты су басу себебі болғанын еске салды. Оның үстіне былтыр қар аралас жауын-шашынның көп болғанын айтты.

Ал, өңірдегі бүгінгі жағдай мынадай: Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес Ақтөбе, сондай-ақ Мұғалжар, Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Қобда аудандарында топырақтың қату деңгейі 2024 жылғы көрсеткіштен 1,5-2 есе асады. Бұл 2025 жылы су тасқыны қаупінің жоғары екендігін көрсетеді.

Ықтимал төтенше жағдайларға шұғыл ден қою үшін жеке құрамның 2 454 адамы, 866 бірлік техникасы, 441 мотопомпа, 102 жүзу құралы, 638 су өткізбейтін комбинезон, 82 шатыр, 2 далалық ас үй және 157 генератор дайындалды. Сондай-ақ, жалпы сыйымдылығы 34 990 адам сыятын 199 уақытша орналастыру пункті әзірленді.

Қажет жағдайда, қосымша Қызылорда (30 адам, 6 бірлік техника) және Маңғыстау облыстарынан (45 адам, 5 бірлік техника) ТЖМ күштері мен құралдары тартылады.

Ақпан мен наурыз айлары аралығында су тасқыны кезеңінің  қауіпсіздік айлығы өткізіліп жатыр, бұл бағытта жадынамалар таратылады, аулаларды аралау және халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Қалада тәуекел аймағында орналасқан 80 бау-бақша ұжымы бар. Эвакуация жағдайында ондағы тұрғындар 16 уақытша орналастыру пунктіне бөлінбек.

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов атап өткендей, Мира көшесіндегі көпірдің жанына қапшықтар (1 200 дана төселген) төсеу арқылы Песчанка өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жалғасуда. Ақтөбе бойынша қосымша қауіпті аумақтар анықталды. Онда күш құрылымдарын тарта отырып, жағалауды нығайту және қорғаныс біліктерін тұрғызу жұмыстарын жүргізу қажет.

Бұдан өзге, Ақтөбе, Алға, Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Ойыл, Қобда және Хромтау аудандарында жарылыс жұмыстарын жүргізетін 22 орын анықталды. Осыған қатысты бүгінгі күні Ақтөбе, Алға және Ойыл аудандарының әкімдіктері «Normal Work» ЖШС-мен келісімшарт бекітті.

Аймақ басшысы аудан әкімдіктеріне су айдындарында, сондай-ақ жол қатынасы болмаған жағдайда қауіп төнген аудандарда жарылыс жұмыстарын жүргізуге шарт жасасуды, азық-түлік, дәрі-дәрмек және өзге де қажетті заттар қорын дайындауды тапсырды. Сондай-ақ қала және аудан әкімдеріне қорғаныс бөгеттері мен су бұру арналарын салған учаскелерде мердігерлік ұйымдардың кезекшілігін ұйымдастыру міндеттелді.

«Су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі – жеке бақылауымда. Биыл су басу қаупі бұрынғыға қарағанда айтарлықтай жоғары екенін көріп отырмыз. Сондықтан барлық жауапты органдар жедел және үйлесімді әрекет етуі керек. Қалалар мен аудандар әкімдерінен арықтарды, каналдарды, бөгеттерді және су өткізу құрылыстарын тазарту жұмыстарын 10 наурызға дейін аяқтауды тапсырамын. Бау-бақша ұжымдарындағы және қауіпті аймақтағы елді мекендердегі қорғаныс құрылыстарына ерекше назар аударылсын. Әкімдіктер азық-түлік, дәрі-дәрмек және жылы заттарды қоса алғанда, барлық қажетті заттармен уақытша орналастыру пункттерін қамтамасыз етуі тиіс. Егер бір жерде жұмыс тиісінше орындалмаса, біз әкімшілік тиісті шаралар қолданамыз. Су тасқыны кезеңі барынша жауапкершілікті талап етеді сондықтан әркім өз жұмысының маңыздылығын түсінуі тиіс», - деді сөзін қорытындылаған өңір басшысы.

Рас, табиғаттың алдын ала болжанбаған тосын мінезі киліксе, шара жоқ. Оған қандай да бір қарсы қауқар көрсету қиын. Бірақ біздегі су тасқындарына қатысты оқиғалардың басым бөлігі алдын алу жұмыстарына деген немқұрайлылықты, дәлірегі су жүретін арық-атыздарды аршу, бөгеттердің сапасын тексеру, су бөгеттеріндегі су мөлшерін дер кезінде реттемеу, өзендер мен каналдардың табанын тазалау сынды шараларға баса назар аудармау­дан туындап жататыны өкінішті. Мәселен, Ішкі істер министрлігі таратқан деректерге сүйенсек, 2018 жылы тасқын судың алдын алу бойынша 198 шара қабылданса, соның 33-і жүзеге асырылмаған.

Оның 21-і өз уағында қаржы­лан­дырылмай, аяқ­сыз қалған. Жергілікті атқару­шы органдар жоспарланған қар­жы­ның тек 80 пайызын ғана бөлген. Ақ­мола, Қызылорда, Батыс Қазақ­стан, Солтүстік Қазақстан мен Қо­с­танай облыстарынан өткен жыл­ы осы бағытқа мүлдем қаржы берілмепті.

Сондықтан биылғы көктемге дайын­дық барысы қалай екені көпші­лікті алаңдататыны анық. Бүгінде еліміз­дің энергетикалық кәсіпорындары су тасқынына дайындық барысында 2 мыңнан астам арнайы техникамен жабдықталған жедел бригадалар құрған. Сондай-ақ қаптағы инертті материалдар − 56 мың дананы, жанар-жағармай қоры 360 мың тоннаны құрап отыр. Төтенше жағдайлар резервінде және кезек күттірмейтін шығыстар резервінде 17,7 млрд теңге қарастырылған. Су тасқыны кезінде жедел ден қою мақсатында жалпы саны 15 мың адамнан және 2 мыңнан астам техникадан тұратын ішкі істер органдарының күштері жасақталды. Сонымен қатар азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері техникамен, құрал-жабдықтармен жете жарақталды және арнайы операцияларға қатысуға да­йын. Жалпы, 2017 жылдан бастап су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда. Онда елді мекендерді су басу­дан қорғауға бағытталған 637 шара қам­тылған. Олардың көпшілігі, дә­лірегі 611-і жергілікті атқарушы ор­ган­­­­дардың құзырына жатады. Соңғы 2 жыл­­да 22,5 млрд теңге сомасында 174 қо­р­ғау бөгетін салу және нығайту, 119 гид­­ро­техникалық құрылысты, су өткізу қабі­леті жоғары 64 көпірді жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілген.

Тағы бір айта кетер жайт, су тас­қыны жөнінде әңгіме қозғалғанда транс­шекаралық өзендерден келетін ықтимал қауіпке соқпай өте алмаймыз. 

Сәл шегіне сөйлесек, Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан бас­тау алатын өзендерде су көлемі мол болған кездерде, осы елдер өздерінің су қоймаларынан артық суды ағызып жіберуі себебінен Қазақстанның бірқатар аймақтарына қауіп төнген, тіпті кейбір өңірлерді су басып қалған кездер болды. 

Мәселен, 2016 жылы Қытайдан келетін Ертіс суы артып, Шүлбі және Бұқтырма су қоймалары арнасына толуға жақын қалып, елімізді біршама әбіржіткені есімізде.

Қырғыз жерінен бастау алып, Тәжікстан мен Өзбекстан аумақтары арқылы бізге өтетін Сырдария өзенінен келетін қауіп те аз емес. Қыс маусы­мында бұл көрші елдер Сырдария бо­йын­дағы су қоймаларынан артық мол суды ағызған кезде, өзен арнасы­нан асып, Түркістан мен Қызылорда өңі­ріндегі ауылдарды бірнеше рет ша­йып кеткенін ешкім ұмытқан жоқ. Осы қауіптерді ескерген Қазақ­стан Түр­кі­стан облысы аумағында 2008-2011 жыл­дары аралығында Көксарай су қой­масын салды. Бұл су қоймасы ар­тық суды жинап, қажет кезінде Сыр­дарияға рет-ретімен жіберіп отырады. Қырғыз Республикасынан бастау алатын Шу мен Талас өзендерінен де қауіп аз емес. 

Қалай десек те, трансшекаралық өзендерден төнетін қатерді барын­ша төмендетудің бір жолы, осы мәселеде көрші мемлекеттермен тиімді келісім­ге келу. Өйткені Ертіс, Іле, Сырдария, Шу, Талас сынды өзендердің бас­тауында тұрған елдер төменгі ағыс бо­йын­дағы елдердің мүддесіне жеңіл қарайтын­дай. Келтірілген мәлімет­тер­ге сүйенсек, транс­шекаралық су ар­на­лары мен халық­аралық көлдер­ді қорғау және пайдалану конвенциясына жоғарыда атал­ған елдер­дің ішінен Ресей ғана қол қой­ған. Бұл құжатқа қосылмаған Өзбек­стан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттері өз аумағынан басталатын өзендердегі судың «тағдырын» өздері шешіп отыр. Бұл өз кезегінде тек су тасқыны кезінде қолайсыздық тудырып қана қоймай, суды көп қажет ететін мезгілде еліміздің ауыл шаруашылығына да кері әсерін тигізетін жайт. 

Қазіргі кезде Қазақстан мен Ресей Федерациясында аймақаралық та, мем­лекет­аралық та келісімдер бар, оның шеңберінде тиісті қызметтер судың жиналуы туралы ақпарат алмаса алады. Іле, Жайық, Талас, Сырдария, Ертіс сияқты трансшекаралық өзендердің ағысы негізінен көрші мемлекеттер­дегі су қоймаларында реттелетіні бел­гі­лі. Өзендердің еліміздегі бөлігін­дегі көлемі мен ағысын мамыр айына дейін мемлекетаралық бірлескен комиссия бақыламақ. 

Еске сала кетейік, 2008-2018 жылдар аралығында елімізде 20-дан астам су басудың ірі оқиғалары болған. 

Ал тек 2018 жылғы көктемде Қара­ғанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан об­лыстарындағы 6 қала мен 12 аудан су басудан жапа шекті. Мыңнан ас­там тұрғын үйді су басып, оның 128-і тұру­ға жарамсыз болып қалды. Семей қа­ласы, Аягөз, Глубокое, Шемонаиха және Зырян аудандарындағы өзен арналарының жағалауларын нығайту және тұрғын үйді, көпірлер мен автомобиль жолдарын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 3 млрд 225 млн теңге бөлінді.

Қорыта айтқанда, өзен-көлдерге, су қоймаларына жақын орналасқан ағайын қыстың соңы мен көктемнің басында топан су қай тұсымыздан тап береді деп жыл сайын мазасыз күй кешумен болады. Сондықтан аталған мәсе­леге қатысты жаңа талап, тың көзқарас, қатаң бақылау қажет екені сөзсіз.