28.02.2025, 19:20

Отырар моңғол шапқыншылығына дейін қандай болды?

Фото: Жасанды интеллект

Отырардың тарихы тек соғыс пен қираумен шектелмейді.

Отырар – ортағасырлық Қазақстандағы ең маңызды қалалардың бірі еді. Бұл шаһар Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, саяси, экономикалық және мәдени орталыққа айналған. Көне жазба деректерде Отырар қаласы Фараб, кейде Тарбан (Трабан) деп те аталған. Моңғол шапқыншылығы басталмас бұрын Отырар бүкіл аймақ үшін ерекше мәнге ие болған. Ол сауда-саттықтың, қолөнердің, ғылым мен мәдениеттің дамыған орталығы болды. Алайда 1218 жылы орын алған оқиға қаланың тағдырын күрт өзгертті. 

Отырардың өркендеуі

Отырардың өркендеуіне оның географиялық орналасуы үлкен әсер етті. Шаһар тоғыз жолдың торабында, Сырдарияның орта ағысында бой көтерді. Отырардан шыққан жолдар бір жағынан Шавгар мен Түркістанға, екінші жағынан Шаш, Сүткент, Жент және Хорезмге бағытталған. Саудагерлер бұл қаланы тоқтау бекеті ретінде пайдаланып, тауарларымен алыс аймақтарға сапар шекті.

Қаланың гүлденген дәуірі IX-XII ғасырларға сәйкес келеді. Осы кезеңде қалада көптеген мешіттер, керуен-сарайлар, моншалар, медреселер мен кітапханалар салынды. Отырар – әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері. Бұл шаһар ислам мәдениеті мен ғылымының ошағына айналып, Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы ең ірі мәдени орталықтардың бірі болды. Сауда дамып, қала ірі экономикалық орталыққа айналды. Жергілікті тұрғындар ауыл шаруашылығымен, мал шаруашылығымен айналысып, түрлі қолөнер бұйымдарын жасаумен де айналысты. Қаладағы қолөнер өндірісі қарқынды дамыды. Археологиялық зерттеулер кезінде табылған заттар мұнда қыш құмыра жасау, әйнек өндіру, зергерлік бұйымдар дайындау өнерінің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді.

Ежелгі Отырар шұраты қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы аумағында орналасқан. Бұл өңір Сырдарияның орта ағысындағы жағалауларда, Орта Сырдария алқабында орын тепкен. Отырар шұраты табиғи орналасуының арқасында егіншілік пен отырықшылық мәдениетінің дамуына қолайлы болды. Ол Тұран ойпатының бір бөлігі ретінде Қызылқұм-Ортасырдария жазығына кіреді.

Шұраттың негізгі су көздері – Арыс және Сырдария өзендері. Бұл өзендерден тартылған каналдар аймақтағы қалалар мен қоныстарды сумен қамтамасыз етіп, егіншілікті дамытуға жағдай жасады. Су көздерінің молдығы бұл өңірдің өркендеуіне ықпал етіп, халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсерін тигізді.

Белгілі зерттеуші А.Н. Бернштам Отырардың қолайлы географиялық орналасуын атап өтіп, оның Арыстың Сырдарияға құяр тұсында, Бөген өзеніне жақын болғанын ерекше көрсеткен. Бұл жағдай қаланың суарылатын егістік алқаптарымен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Бөген мен Арыс бойымен жүретін жолдар Таласқа, одан әрі үйсіндер мен кейінгі қарлық иеліктерінің шекарасына дейін созылған.

Отырар шұраты арқылы өтетін сауда жолдары да ерекше маңызды болды. Сырдария бойымен солтүстік бағытта Шаш (қазіргі Ташкент), Ферғана және Соғдыға қарай өтетін сауда жолдары жүрсе, оңтүстік бағытта Арал маңы арқылы Еділ бойындағы далаларға, Таулы Оралға және Қара теңіздің солтүстік жағалауына дейін созылған керуен жолдары орналасқан. Бұл сауда қатынастары қаланың экономикалық және мәдени дамуына зор үлес қосты.

Отырардың қорғаныс жүйесі

Қала берік қамалдармен қоршалған еді. Оның мұнаралары биік, қабырғалары мықты етіп тұрғызылды. Қаланың айналасында ор қазылып, арнайы бекіністер салынған. Бұл Отырардың стратегиялық маңызын көрсетеді. Отырарға жақын маңда көптеген шағын елді мекендер болды. Олардың бірі – Кедер қаласы IX-X ғасырларда ерекше дамыған. Бұл қаланың гүлденуі сол аймақтың оғыздар билігінде болуының нәтижесінде орын алды. Отырар тек сауда орталығы ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен ғылымның дамуына да үлес қосты. Мұнда көптеген ғалымдар мен өнер адамдары өмір сүріп, білім алып, өз еңбектерін жазды.

Отырар апаты және оның себептері

1218 жылы Шыңғыс хан Орта Азияға сауда керуенін жіберді. Бұл керуеннің құрамында 500 түйе мен 450 саудагер болған. Керуен Отырарға келген кезде, қаланың билеушісі Қайырхан саудагерлерді тыңшылар деп күдіктеніп, оларды қырып тастауға бұйрық берді. Керуеннің тоналуы Шыңғыс ханның ашуын тудырды. Ол Хорезмшах Мұхаммедтен Қайырханды жазалауды талап етті, алайда Хорезмшах бұл талапты орындаудан бас тартты. Керісінше, ол Шыңғыс ханның елшілерін өлтіруге бұйрық берді. Бұл оқиға Шыңғыс ханның Хорезмге басып кіруіне түрткі болды.

1219 жылы моңғол әскерлері Отырарды қоршауға алды. Бұл шайқас алты айға созылды. Алғашқы бес ай бойы қала тұрғындары табанды түрде қарсылық көрсетті. Алайда сатқындықтың салдарынан моңғолдар қаланы басып алды. Қайырхан соңғы айқасқа дейін күресіп, қолға түскеннен кейін Шыңғыс ханның бұйрығымен өлім жазасына кесілді. Қала қирап, тұрғындары қырғынға ұшырады немесе құлдыққа айдалды. Бұл оқиға тек Отырар үшін емес, бүкіл өңір үшін ауыр зардаптар әкелді. Моңғолдар қаланың негізгі құрылыстарын қиратты, бірақ оның орны кейіннен қайта қалпына келтірілді.

Отырардың мәдени мұрасы

Отырардың тарихы тек соғыс пен қираумен шектелмейді. Қала орта ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы ең ірі мәдени орталықтардың бірі болды. Археологиялық зерттеулер Отырарда сәулетті сарайлар, мешіттер, моншалар мен кітапханалардың болғанын дәлелдейді. Қазба жұмыстары кезінде табылған үлкен қыш ыдыстар (хумдар), әшекей бұйымдар, тиындар мен күміс, қола құмыралар қаланың жоғары дамыған мәдениеті мен тұрмысын көрсетеді. Сонымен қатар Отырар шеберлері металл өңдеумен, қыш жасау ісімен, кілем тоқумен айналысқан. Мұндағы архитектуралық ғимараттар, қолөнер бұйымдары сол заманның озық технологияларын қолданылғанын көрсетеді.

Жасыратыны жоқ, Отырар қазақ даласының көне тарихындағы ең жарқын мәдени орталықтардың бірі болды. Оның гүлденуі моңғол шапқыншылығына дейінгі кезеңде шарықтау шегіне жетті. Алайда 1219 жылғы Отырар апаты қаланың тағдырын күрт өзгертті. Отырардың қирауы – моңғол шапқыншылығының алғашқы үлкен соққысы болды. Дегенмен бұл қала тарих сахнасынан біржола жоғалып кеткен жоқ. Кейіннен қайта бой көтеріп, XIII-XV ғасырларда қайтадан дамыған сауда орталығына айналды. Бүгінде Отырардың тарихи мұралары Қазақстанның мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналып отыр. Қазіргі таңда Отырар қалашығы археологиялық зерттеулердің нысаны болып, оның тарихын терең зерттеуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл көне қаланың тағдыры Қазақстанның бай мәдениеті мен тарихының бір бөлшегі ретінде халық жадында мәңгі сақталмақ.