"Себебі бұл интеллектуалдық деградацияға апаратын жол".
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жасанды интеллектіден қорқатынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жасанды интеллектке өз басым абайлап қараймын. Кейде қорқамын. Шын мәнінде қорқамын. Себебі бұл интеллектуалдық деградацияға апаратын жол. Адам өзі ойланып жазбаса, композитор музыкасын шығармаса, заман не болып барады? Біз әлем жасанды интеллект жасады екен деп, соңынан ере береміз бе?! Біздің қазақылығымыз қайда? Өзіміздің интеллектуалдық мүмкіндігімізді ашатын жолдар қайда? – деп сұрады депутат Мәжілісте.
Ол ЖИ жалқау шенеуніктердің жұмысын одан сайын жеңілдететінін сынады.
Өткен жолы бір шенеунік Chat GPT-ге өзінің материалдарын салып отыр. Сондағы оның мақсаты - “бастығым тезірек басымнан сипаса екен, берген тапсырманы тез орындайын”. Ол миын қозғалтқысы келмейді. Бұл алма піс, аузыма түс деген жалқау шенеуніктерге жақсы болды. Ал енді Chat GPT-тің ар жағындағы бенефициары кім? Ол материалдарды жинап, ертең өзімізге қарсы пайдаланбайтынына кім кепіл? Министрлікте, жауапты органдарды ЖИ-ді пайдалануды кім қадағалап жатыр? Қадағалау бар ма, жоқ па? Қанша материал кетіп қалғанын кім біледі? – дейді Баққожаев.