Депутаттың айтуына қарағанда, көпшілігінің банктер алдында төленбей қалған қарыздары бар.
Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев еліміздегі барлық зейнеткердің қарызын кешіруді сұрап, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Депутат қарызға белшеден батқан азаматтарға көмек көрсету үшін банктерге берешегін кешіріп, соттан тыс және сот арқылы «банкрот» деп тануға, төлем қабілетін арттыруға арналған заңды Мәжілісте жан-жақты қарап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойғанын еске салды.
Бұл заң борышкерлердің ешкімнің көмегіне жүгінбей-ақ, өтініш беруге оңтайлы жағдай жасауы тиіс еді. Сондай-ақ, оның шарттарында 6 млн 291 мың теңгеден аспайтын қарыздарды банкроттыққа тапсыруға болатыны көрсетілген. Шын мәнінде заң да, банкроттыққа тапсыру тетігі де дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Қолда бар жалғыз ресурс «Е-өтініш» қосымшасы арқылы жолданған өтініштер қанағаттандырылмай отыр. Соның салдарынан өмір бойы бейнеттеніп зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлер зейнетақысынан қағылып жатыр, - дейді Балабиев.
Депутаттың айтуына қарағанда, көпшілігінің банктер алдында төленбей қалған қарыздары бар. Сот орындаушылары бәрінің есепшоттарын бұғаттап, шетелге шығу мүмкіндіктерін шектеп тастаған.
Банктерге барсаңыз, бар-жоғы 32 мың теңге зейнетақысы банк картасына түспей жатып жоқ болып кеткен, зар илеген зейнеткерлерді көресіздер. Жағдайды зерттесек, зейнетақы «кіріс көзі» болып саналады және зейнетақы әлеуметтік қорғалған есепшот санатына жатқызылмаған. Әлеуметтік қорғалған есепшоттарды ашу тек «Каспий банкі», «Халық банкі» және «Центр кредит» банктеріне бекітілген. Бұл банктердің филиалдары тұрмақ, банкоматтары жоқ жер көп. Барлық жерде банкоматтары болмаса да, бөлімшелері бар «Қазпошта» әлеуметтік қорғалған есепшоттарды ашуға болатын тізімге енбеген. Бұл қасақана жасалған әрекет емес пе? – деп шағымданды мәжілісмен.
Оның сөзінше, микроқаржы ұйымдары айлықтан-айлыққа деп аз ақша беріп алдап, айналдырған 30 мың теңгені төлей алмаса да, оған он еселеп өсім қосып, қарызға батырып жатыр. Ешбір табыс көзі жоқ азаматтарға уақытша көмек болғанымен, оңайлықпен құтылмайтын қарызға айналып кететінін көпшілік біле бермейді. Бірақ, бұл біздің бұқараның тоқтығын көрсетпейді.
Президент тапсырмасымен Заң қабылданғанның өзінде, банкроттыққа тапсырудың неге қиындап кеткенін кім түсіндіреді? Борышкерлердің айтуынша, «Е-мобиль» қосымшасы арқылы банкроттыққа тапсыру тетігі жергілікті салық органдарының құзыретіне берілген. Бұл орайда, мемлекеттік органдар борышкерлердің мүддесіне жұмыс істеуі тиіс. Ал, енді зейнетақы қорынан қомақты қаржыны алып, ел игілігі үшін пайдаланып жатқандықтан, зейнетақыны «кіріс көзі» деп санау – ұят емес пе? Қазақ «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген ұрпақты тәрбиелесе, қариялардың ризашылығын алмағандардың сағы сынатынын ескерген екен. Бейнеткештердің зейнетақы жинағына қол салғанымыз аздай, зейнеткерлерге зейнетақысын жегізбеуіміз елдігімізге сын болар, - деп айтты Қайрат Балабиев.
Депутат мынадай ұсыныстарын айтты:
1. Әділет органдарына берешегі бар зейнеткерлердің зейнетақы есепшоттарын бұғаттаудан босатуды;
2. Республикалық базадан банктерде берешегі бар зейнеткерлерді бақылап анықтауды;
3. құзырлы органдарға зейнеткерлердің соттан тыс және сот арқылы «банкрот» деп тану процесін жеңілдетуді;
4. зейнеткерлердің қарызын кешіруді;
5. барлық екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» мекемесінен де зейнеткерлер үшін әлеуметтік қорғалған есепшоттарды жаппай ашуды ұсынамын.