Динара Құлыбаеваға қатысы бар Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қаржылық есептілік депозитарийіндегі ақпаратқа сәйкес, енді университеттің жаңа иесі - Қайтарылған активтерді басқару компаниясы. Бұл компанияның жалғыз құрылтайшысы және қатысушысы – Қазақстан Үкіметі. Университеттің акционерлік құрамындағы өзгерістер 27 ақпанда ресми тіркелген.
ҚБТУ 2001 жылы 3 тамызда Қазақстан Үкіметінің қаулысымен құрылған. Қазақстан тарапынан құрылтайшысы – Үкімет, ал уәкілетті органы – Білім және ғылым министрлігі. Британ тараптан университеттің серіктестері Ұлыбритания елшілігі мен оның негізгі өкілі Британдық кеңес болды.
2003 жылы университет «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының меншігіне өтті, сол кезде компания университеттің жалғыз акционері болған. 2018 жылы жекешелендіру бағдарламасы аясында ҚБТУ Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры қарамағына өтті. Қордың құрылтайшыларының бірі – Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева.
2023 жылы шілде айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заңға қол қойды. Ол кезде бұл механизм ірі коррупцияға ұшыраған тұлғалар мен әкімшілік-билік ресурстары бар олигополия топтарына қолданылатыны айтылған еді.
Алайда "NNEF" Қоғамдық қоры ҚБТУ-ға қатысты жағдай туралы түсініктеме берді.
Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ, Университет) активтерін “Қайтарылған активтерді басқару компаниясының” (ҚАБК) балансына беру туралы ақпарат таралуда.
Осыған байланысты “NNEF” Қоғамдық қоры (Қор) қалыптасқан жағдайға түсініктеме беруді қажет деп санайды.
"Расында, қаржылық есептілік депозитарийінде 27 ақпаннан бастап ҚБТУ-дың 100% акциясының иесі ретінде “Қайтарылған активтерді басқару компаниясы” көрсетілген. Акционердің өзгеруі Қордың еркінен тыс, сот шешіміне сәйкес жүзеге асырылды.
Қор 2018 жылы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізілген ашық конкурс нәтижесінде ҚБТУ-дың 100% акциясын сатып алды. “Baker Tilly Kazakhstan Advisory” тәуелсіз консалтингтік компаниясы бизнеске кешенді бағалау жүргізіп, қорытындысын ұсынды. Конкурс нәтижесінде “NNEF” ҚҚ мен “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ арасында сатып алу-сату келісімшарты жасалып, мәміле құны 12 110 187 000 теңгені құрады.
Қор сатып алған кезде Университет дағдарысты жағдайда болды: қордаланып қалған шығын 2,7 млрд теңгені құрады. Студенттер контингенті небәрі 1 871 адамнан тұрса, профессорлық-оқытушылық құрам (ПОҚ) негізінен қосымша жұмыс істейтін оқытушылар болып, бұл ғылыми деңгейдің төмендеуіне әсер етті. Университет барлығы 16 білім беру бағдарламасын ғана ұсынды, ал Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі саналатын Қазақстандық теңіз академиясы (КМА) және Лондон экономика мектебі (LSE) жабылудың алдында тұрды. Мұнай-газ саласындағы кейбір техникалық мамандықтарға тапсырушылар саны жетпей, аталған бағдарламаларға лицензиясынан айырылу қаупі туды. Университеттің барлық техникалық және инженерлік коммуникациялары апатты жағдайда болды, олар салынғаннан бері жөндеу көрмеген: шатыр мен лифттер қайта қалпына келтіруді қажет етті, санитарлық тораптар жұмыс істемеді, еден, есік-терезе мен баспалдақтардың да күйі мәз емес-ті", – делінген хабарламада.
Осы қиын жағдайда Қор университетті дағдарыстан шығару және оны жан-жақты трансформациялау стратегиясын әзірледі. Қордың тиімді басқаруының арқасында КБТУ қысқа мерзім ішінде дағдарысты еңсеріп қана қоймай, жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Бүгінде КБТУ-дың жетістіктері мен табысы айқын:
• Студенттер саны 1 871-ден 7 649 адамға дейін өсті;
• Білім беру бағдарламалары 16-дан 68-ге дейін артты;
• Екі жаңа факультет ашылды;
• КМА және LSE сияқты басым білім беру бағдарламаларының дамуына қолдау көрсетілуде;
• LSE-КБТУ бағдарламасы бойынша 600-ден астам түлек дайындалып, олар еліміздің және әлемнің жетекші компанияларында табысты жұмыс істеуде;
• АО “Каспий Мұнай” компаниясымен бірлесіп Smart Field Airankol онлайн-оқыту платформасы іске қосылды;
• Smart Field Airankol полигоны негізінде Орталық Азиядағы алғашқы оқу-жаттығу кен орны құрылды;
• Инновациялық ғылыми жобалар үшін 35 зертхана ашылды;
• Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, Қазақстандағы алғашқы Smart City зертханасы құрылды;
• SciVal (2018–2023 жж.) деректеріне сәйкес, бір авторға шаққандағы ғылыми жарияланымдар саны бойынша ҚБТУ Қазақстандағы үздік үш жоғары оқу орнының қатарына кірді;
• Түлектердің 90%-ы жақсы жұмысқа орналасады немесе магистратурада оқуын жалғастыруда.
ҚБТУ-да жоғары сапалы мамандар даярлау ABET, ACBSP, CIMA, ACCA, CFA тәрізді әлемдік агенттіктердің аккредитациясы және қайта аккредитациясы арқылы расталған.
КБТУ-дың тұрақты дамуына оның ұлттық және халықаралық рейтингтердегі көшбасшылығы да дәлел: университет QS халықаралық рейтингіне сәйкес Қазақстандағы үздік 5 техникалық жоғары оқу орнының және Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы үздік 30 жоғары оқу орнының қатарында.
Университеттің маңызды даму бағыты – әлемнің жетекші оқу орындарымен ынтымақтастық орнату. Олардың қатарында Лондон университеті, Гарвард бизнес мектебі, MIT, Кембридж университеті, Рединг университеті, Нортгемптон университеті, Қытай мұнай университеті және басқалар бар. 2024 жылы Роберт Гордон университетімен (Ұлыбритания) бірлескен PhD бағдарламасы бойынша келісім жасалды.
ҚБТУ-дың ғылыми орталық ретіндегі беделінің артуының нәтижесінде Eni Agip Karachaganak, Total E&P, Schlumberger, Fraunhofer Institute of Automation, Chevron, NCOC, Micromine, Honeywell, Emerson, Schneider Electric, Baker Hughes, Halyk Bank, Каспий Мұнай, Яндекс, Cavendish Laboratory (Кембридж университеті) сынды жетекші компаниялармен бірлескен зертханалар құрылды.
“NNEF” Қоры ешқашан ҚБТУ-дан пайда табуды мақсат еткен жоқ және университет қызметінен бірде-бір рет дивиденд алған емес. Барлық кірістер университетті дамытуға қайта инвестицияланды: ғимараттарды жаңғырту және жөндеу, инфрақұрылымды жаңарту, зертханаларды жабдықтау және студенттер үшін жағдай жасау. Соңғы жеті жыл ішінде Қор университеттің материалдық-техникалық базасын дамытуға 11 млрд теңгеден астам қаражат салды, оның ішінде:
• 3,6 млрд теңге университет инфрақұрылымын нығайтуға, оның ішінде:
– 2 млрд теңге инженерлік желілерді, шатырды, лифттерді күрделі жөндеуге және ғимаратты әрлеуге;
– 1,6 млрд теңге зертханаларды заманауи жабдықтармен жабдықтауға;
– 660 млн теңге өрттің салдарын жоюға бағытталды.
• 7 млрд теңге студенттер үшін әлеуметтік жағдайды жақсартуға инвестицияланды:
• 980 орындық екі жаңа заманауи жатақхана салынды;
• 2 400 шаршы метрлік көпфункционалды спорт кешені ашылды.
ҚБТУ – Қордың 25 жылдан астам уақыт бойы білім беру саласында іске асырып келе жатқан маңызды жобаларының бірі. Осы уақыт ішінде “NNEF” Қоры Қазақстанның білім жүйесін дамытуға 250 миллион доллардан астам қаражат салды.
Қор ҚБТУ-ды тұрақты дамыту стратегиясын ұстанады және университеттің болашақ жетістіктері мен өркендеуі үшін алдағы уақытта да инвестиция салуға дайын.
“NNEF” Қоры ҚБТУ акцияларына қатысты құқықтарын қалпына келтіру үшін заң аясында барлық қажетті шараларды қабылдауда.
«Қазақ-Британ университеті» АҚ акционерлерінің өзгергені туралы шешім 2025 жылдың 27 ақпанында қабылданды. Университет , сондай-ақ бұрын ҚБТУ-ға тиесілі болған екі институт мемлекеттік «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС меншігіне өтті.
Айта кетейік, бұған дейін ҚБТУ 2018 жылы университеттің акция пакетін жекешелендіріп алған «Нұрсұлтан Назарбаев Білім беру қоры» қоғамдық қорына тиесілі болатын.