Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Италия Президентінің ұшағы елорда әуежайына қонды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланы қарсы алды. Одан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына барды.
"Президенттер бұған дейін 2024 жылы қаңтар айында Рим қаласында кездескен болатын", - делінген Ақорданың таратқан хабарламасында.
– Италияға былтырғы сапарымнан жақсы әсер алдым. Сіздің қонақжайлық танытып, нәтижелі келіссөз жүргізуге барынша жағдай жасағаныңыздың арқасында сапарым өте сәтті өтті. Екі мемлекет түрлі салада тығыз қарым-қатынас орнатқан. Біздің нарықта біраз италиялық компания жұмыс істейді. Олардың қатары қарқынды артып келеді. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз да ойдағыдай дамып жатыр. Сондықтан елдеріміздің арасында берік ынтымақтастық қалыптасқан деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Серджо Маттарелла екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайын жоғары бағалап, өзара стратегиялық серіктестікті кеңейтуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.
– Біз шын мәнінде барлық бағытта, соның ішінде саяси, экономикалық, сауда және мәдени салаларда тамаша байланыс орнаттық, – деді Италия Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Италия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің арасында үшінші орын алады, сондай-ақ экономикамызға қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда айналымы 20 миллиард долларға жуықтаған.