10.03.2025, 02:30

Алматыда автобус жаяу жүргіншіні қағып, мерт қылды

Фото: pixabay

Жол полициясы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Алматыда Шаляпин мен Береговой көшелерінің қиылысында кешкі уақытта Toyota Haiz шағын автобусы жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жолға күтпеген жерден шыққан, ал жүргізуші оны қалың қардың салдарынан кеш байқаған.

Қатты соққының әсерінен жаяу жүргінші жол жиегіне ұшып кеткен. Дәрігерлер оны аман алып қалуға тырысқанымен, өкінішке қарай, ол оқиға орнында көз жұмды.

Куәгерлердің айтуынша, марқұм жақын маңдағы үйдің тұрғыны болған. Ол жаяу жүргіншілер өткелінен небәрі 20 метр қашықтықта жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткен.

Оқиға орнында жол полициясы қызметкерлері қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтауда.