10.03.2025, 10:30

Ақтөбе облысында ірі қара індеттен қырылып, өңірге карантин енгізілді

Фото: Pixabay

Мәліметтерге сенсек, ветеринарлар оқиға орнына барып, өлген малдан сынама алып, облыстық зертханаға жіберді.

Ақтөбе облысында 4 бас ірі қара белгісіз аурудан өлді. Оқиға Көптоғай ауылдық округіндегі "Мәтжан" шаруа қожалығында болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Диапазон басылымына сілтеме жасап.

Мәліметтерге сенсек, ветеринарлар оқиға орнына барып, өлген малдан сынама алып, облыстық зертханаға жіберді. Онда сараптама малдың эмкардан өлгенін көрсетті.

"Өлген жануарлардың денелері қорымға жеткізіліп жойылды, қалғандары бақылауда", – деді ветеринария басқармасынан.

"Мәтжан" шаруа қожалығында 243 бас ірі қара, 762 бас ұсақ мал, 7 жылқы бар. 27 ақпанда Көптоғай ауылдық округі әкімінің шешімімен шаруашылықта карантин енгізілді.

Айта кетейік, эмкар – эмфизематозды карбункул – жануарлардың дене қызуы көтеріліп, бұлшықеттері ісінетін жұқпалы, жіті ауру. Көбінесе ірі қара мал, сирек қой мен ешкі ауырады.