11.03.2025, 19:20

«Барша қазақстандықтың қалтасына ауыр тиеді» – заңгер Ержан Есімханов ҚҚС өсімі туралы (ВИДЕО)

Фото: Instagram / Ержан Есимханов

Бұл шешім қабылданса ел экономикасына қандай қауіп төнбек?

Жаңа Салық кодексінің жобасында қосылған құн салығын 12-ден 15-20 пайызға дейін арттыру қарастырылған. Заңгер әрі блогер Ержан Есімханов мұндай шешім бизнес пен түпкі тұтынушыларға қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды Skifnews.kz апарат порталы.

«Үкімет екі негізгі нәрсені ұсынып отыр: ҚҚС-ты 20%-ға дейін көтеру (қазір ол 12%) және ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету (қазіргі уақытта ол шамамен 78 млн теңге). Бұл кімге тиімді? 

Біз ҚҚС екі операция түріне – айналымға және импортқа енгіземіз. Яғни, елге импортталатын затты әкелсеңіз, ҚҚС төлеу керек. Бізде барлығы дерлік импортталады – дәл қазір киіп жүрген киіміңізден бастап осыны оқып отырған смартфонға дейін. ҚҚС көтеріледі – импортталатынның бәрі қымбаттайды. ҚҚС 8%-ға өседі – импорттың бәрі сәйкесінше қымбаттайды. Егер жаңа заң күшіне енсе импорттық өнім әлдеқайда қымбатырақ болады", - деді заңгер.

Оның айтуынша, үкімет ұсынып отырған шаралар – ҚҚС-ты 12%-дан 20%-ға арттыру және ҚҚС бойынша тіркеу шегін 78 млн теңгеден 15 млн-ға дейін төмендету – ел экономикасы үшін өте қате шешім болмақ.