32 жастағы Камаль Оразғалиева 2 қаңтар күні 4 келі 150 грамм салмақтағы ұл баланы дүниеге әкелді.
Семей қаласындағы перинаталды орталықта жаңа туған сәби күйік жарақатын алды. Ата-анасының айтуынша, нәресте дүниеге сау болып келгенімен, медициналық қызметкерлердің салғырттығынан денесінің бірнеше жері күйіп қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Bairaqmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Босану қалай өтті?
32 жастағы Камаль Оразғалиева 2 қаңтар күні 4 келі 150 грамм салмақтағы ұл баланы дүниеге әкелді. Әкесі Амангелді Жұмашевтың сөзінше, анасы жүктілік кезінде ешқандай аурумен ауырмаған, барлық медициналық көрсеткіштері қалыпты болған.
«Бала туғанда сау болды. Ешқандай ауру немесе ауытқуы болған жоқ. Тоғыз ай толық көтерді, әйелімнің денсаулығында да кінәрат болған емес» – дейді әкесі.
Күйік қалай пайда болды?
Ата-ананың айтуынша, перзентхана дәрігерлері баланың күйік алғанын екі тәулік бойы жасырып келген. Тек екінші күні ғана жаңа туған сәбидің жылытуға арналған төсенішке күйіп қалғанынмойындаған.
«Дәрігерлерден естіген бойда төменге түсіп, баламды көрдім. Олар жараны жарып, хирургты шақырды. Кейін менен шу көтермеуімді сұрады. Осы күнге дейін күйік деп емдеп келді, енді бұл тұқым қуалайтын ауру болуы мүмкін деп отыр» – дейді анасы Камаль Оразғалиева.
Дәрігерлер не дейді?
Перинаталды орталық мамандары бастапқыда сәбидің жарақатын күйік ретінде қарастырғанын, алайда кейіннен оның басқа медициналық жағдайға ұқсайтынын алға тартуда.
«Алғашында біз мұны күйік деп есептедік және оны жоққа шығармаймыз. Астанадағы әріптестерімізге жағдайды баяндадық. Бірақ қазіргі белгілер күйікке ұқсамайды. Қалыпты жағдайда күйік 6 тәулік ішінде белгілі бір кезеңдерден өтіп, жазылу процесі жүреді» – дейді Абай облысының бас неонатолог дәрігері Шынар Астаева.
Дәрігерлер қазіргі таңда нақты диагнозды анықтау үшін сәбиді Астанаға жіберуді жоспарлап отыр.
Ата-ананың талабы қандай?
Кішкентай Әлидің қос жамбасы, иығы мен арқасы қатты зақымданған. Ата-анасы сәбидің денсаулығына келген зиянға жауаптылардың анықталуын және тиісті шара қолданылуын талап етуде.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, медицина саласындағы қауіпсіздік мәселелерін тағы да күн тәртібіне шығарды.