Бізде Абай облысы бар, бірақ облыстық аурухана жоқ.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов МӘМС жарнасына қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
2022 жылдың өзінде 3 млн-ға жуық бұзушылықтан 20,8 млрд теңге шығын келді. Аудандарымыздағы ауруханаларымыздың жағдайын білесіздер. Адамды қалпына келтіргеннен гөрі, өлтіргені көп. Облыстағы ауруханаларда маман жетіспейтінін жақсы білесіз. Бізде Абай облысы бар, бірақ облыстық аурухана жоқ, - деп айтты депутат.
Сонымен қатар Ринат Зайытов Қазақстанда жедел жәрдемнің 70%-ы жарамсыз екенін алға тартты.
Дәрі-дәрмек жоқ. Жетіспейді. Президент «Әділетті Қазақстан» құруымыз керек деп тапсырма берді. Осының бәрін қалыпқа келтірмей жатып, халыққа қалтасынан МӘМС-ке ақша төле дегеніміз қаншалықты әділетті?, – деп сұрақ қойды мәжілісмен Ринат Зайытов.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова депутат айтқан мәселелер бар екенін мойындап, депутатқа жауап берді. Еске салсақ, бүгін Мәжілісте МӘМС жүйесіне қатысты тақырып талқыланып жатыр.