Оның сөзінше, педагогикалық кадрды іріктеудің жаңа ережесі енгізілгеніне қарамастан, бұрынғы заңсыздықтарды айналып өту және жемқорлық тәуекелін тудыру мүмкіндігі сақталып отыр.
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Депутат мынадай статистика айтты: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың басынан бері білім беру саласында 303 қылмыстық іс тіркеліп, ол жалпы шығын 17,5 млрд теңгені құраған.
Қаржыны көп жымқырған фактілер Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы облысында және Алматы қаласында анықталған. Бұл аймақтарда қаржылық бақылаудың әлсіздігі байқалады. Деректі терең талдайтын болсақ, 249 адам жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында 10 білім бөлімінің басшысы, 2 колледж директоры, 28 мектеп директоры, 21 балабақша басшысы және 136 есепші бар, - деді Темір Қырықбаев.
Оның сөзінше, педагогикалық кадрды іріктеудің жаңа ережесі енгізілгеніне қарамастан, бұрынғы заңсыздықтарды айналып өту және жемқорлық тәуекелін тудыру мүмкіндігі сақталып отыр.
Халық арасында мектепке жұмысқа орналасу үшін директорға немесе басқарма қызметкеріне «заңсыз сыйақы» беру қажет деген қауесет желдей есіп жүр.
Өйткені оңтүстік өңірде жұмыссыздық статистикада көрсетілгеннен әлде қайда жоғары. Ауылдық жерлерде мектеп, балабақша, клуб үйінен басқа жұмыс көзі тапшы. Сондықтан мұғалім болуға талпынатындар тым көп. Тіпті лаборант немесе техникалық қызметкер болу үшін де заңсыз ақша беру жағдайлары кездеседі. Сонымен қатар қызметкерлердің жұмыстан шықпау үшін жалақысының бір бөлігін беру фактілері туралы да айтылып жүр, - деді Қырықбаев.
Депутат мынадай ұсыныс айтты: 1) «Электрондық мектеп» сынды электрондық жүйелерді енгізіп, білім беру саласындағы кадрларды басқарудың бірыңғай электрондық базасын құруды тездету; 2) Жұмысқа орналасу процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, педагогикалық кадрларды іріктеудің ашық және әділ жүйесін қамтамасыз ету; 3) Қоғамдық бақылауды күшейту маңызды. Яғни ата-аналар комитеті және басқа қоғамдық ұйымдардың білім беру процесіне және қаржылық қызметке қатысуын кеңейту.