08.04.2025, 16:40

«Еліме жаңа серпіліс әкелгім келеді»: 11-сынып оқушысы Гарвард университетінен шақырту алды

Фото: Instagram/soqan_school.kz

"Бұл әлі соңы емес".

 

Алматы қаласындағы жекеменшік «Shoqan» мектебінің 11-сынып оқушысы Сабыржан Арман әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі «Harvard University»-ға шақырту алып, толық білім грантының иегері атанды, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақстаннан бұл университетке осы уақытқа дейін 20 ғана адамның бағы жанып, оқуға түскен. Арман 21-ші түлегі атанбақ.

"Бұл жетістігімнің құпиясы 1 жылдық немесе 1 айлық жұмыс қана емес. Мен 5-сыныптан бастап роботехникамен айналысып, түрлі жарыстарға қатысып келемін. Шоқан Уәлиханов атындағы жеке меншік мектепте оқимын. Өткен жылы бізде менторлық бағдарлама басталған. 10-сыныптың үздік оқушыларын таңдап алып, SAT-қа, эссе жазуға дайындады. Сондықтан, бұл менің ғана еңбегім емес.  Мектебіме, ондағы ұстаздарыма да алғысымды білдіремін", - деді ол.

Дарынды оқушы «Компьютерлік және механикалық инженер» мамандығын таңдаған. Болашақта АҚШ-та қалу ойында жоқ екендігін жне Қазақстанға келіп компаниялар ашуға ниетті екенін айтты. Елге жаңа серпіліс ікеліп, тың жобаларды жүзеге асырмақ.