08.04.2025, 17:20

Алматыда дауыл кезінде ұшақты сәтті қондырған ұшқыштың кәсібилігіне жұрт тәнті болды (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Оқиға 7 сәуір күні Алматы әуежайында болған.

Алматыда күшті дауыл кезінде ұшақтың әуежайға сәтті қонуы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқиға 7 сәуір күні Алматы әуежайында болған. Душанбе – Алматы бағытымен ұшып келген рейс дауылға қарамастан сәтті қонған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалар бұл сәттің қаншалықты күрделі болғанын айғақтайды.

Жолаушылар түсірген видеода ұшақтың ішіндегі дүрбелең анық көрінеді: кейбір жолаушылар қатты толқыса, балалар қорқыныштан жылаған. Ал жерден түсірілген кадрларда ұшақтың қатты жел әсерінен шайқалып, тұрақсыз ұшқаны байқалады.

Алайда ұшқыштың кәсіби біліктілігінің арқасында ұшақ аман-есен қонды. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының жылы лебізіне ие болды. Көпшілік ұшқыштың шеберлігіне алғыс айтып, оны «қауіп-қатер жағдайында салқынқанды шешім қабылдаудың үлгісі» деп бағалады.

Мамандардың айтуынша, дауылды ауа райында ұшақты басқару – авиациядағы ең қауіпті және жауапты сәттердің бірі. Бұл оқиға ұшқыштың тек техникалық білім мен тәжірибеге ғана емес, сонымен қатар сабырлық пен жедел шешім қабылдау қабілетіне ие болуы қажет екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.