11.04.2025, 16:20

Шымкент табыстың бәріне еңбекқор халқының арқасында жетіп отыр - Тоқаев

Фото: Ақорда

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығы алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Президент Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөйлеген сөзінде шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін атап өтті.

– Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін. Көне шаһар тоғыз жолдың торабында тұр. Ұлы Жібек жолы кезінде осы аймақтан өткені белгілі. Шымкентте ерте заманнан бері сауда-саттық өркен жайды, түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің ізі қалды. Бұл керуеннің көші әлі де үзілген жоқ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі осы қаланы басып өтеді. Күре жолдың арқасында шаһардың стратегиялық маңызы арта түсті. Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады. Шаһар жыл өткен сайын қарыштап дамып келеді. Көптеген өндіріс орындары ашылып жатыр. Менің тапсырмаммен бірнеше әлеуметтік нысан салынды. Атап айтқанда, Конгресс-холл, екі Оқушылар сарайы, 11 жайлы мектеп бой көтерді. Айтпақшы, Шымкенттің бір топ азаматы Конгресс-холды «Tulip Hall» деп атамай, бұл ғимаратқа «Қызғалдақ сарайы» немесе «Қызғалдақ» деген атауды беру жөнінде ұсыныс айтып жатыр. Меніңше, орынды пікір, келісуге болады. Олай болса, сарайдың атауы «Қызғалдақ» болсын. «Қызғалдақ сарайы» деген сәл ұзақтау екен. Былтыр қалада жалпы аумағы 1,3 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй салынды. Металлургия, құрылыс саласы, азық-түлік өндірісі қарқынды дамып жатыр. Былтыр қала экономикасы 11 пайызға өсті. Шымкентте 300-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 9 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Тек былтырдың өзінде қалаға 770 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған, – деді Мемлекет басшысы.

Президент халық арасында Шымкентті «кәсіпкерлердің отаны» деп атайтынына назар аударып, қала экономикасының жартысынан көбі 140 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысанының еншісінде екенін жеткізді.

– Мегаполистің демографиялық өсімі де жоғары. Табиғи өсіммен бірге, мұнда көшіп келіп жатқандар көп. Осының өзі қаланың тіршілікке қолайлы, болашағы зор екенін көрсетеді. Бірақ бақылаусыз көші-қон, яғни, миграция тиісті техникалық және әлеуметтік инфрақұрылымға әсер етеді. Мұны да ұмытпауымыз керек. Әрине, Шымкент мен жаңа айтып өткен табыстың бәріне, ең алдымен, еңбекқор, іскер әрі ұйымшыл халқының арқасында жетіп отыр. Қазіргі алмағайып заманда бұл қасиеттер әр азаматтың бойынан табылуы керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдірді.

– Баршаңызға белгілі, жаһандық сауда соғысының өршуі салдарынан дүние жүзінде күрделі ахуал қалыптасып келеді. Егер мұндай текетірес орын алса, оның зардабын барлық ел тартады. Оған еш күмән жоқ. Бұл ретте біз Президент Трамптың аталған қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз. Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді. Апта басында барлық негізгі индекстердің мәні төмендеп, мұнай бағамы барреліне 60 доллардан аспады. Алайда Америка билігі тарифтерді кейінге қалдыру туралы шешімін жариялаған соң, биржадағы бағалар өсті. Қазір жағдай біршама тұрақталғаны байқалғанымен, әлемдік қор нарығы мен шикізат биржалары бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түсіп тұр. Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық. Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр. Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді. Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ, әрине, мемлекетіміз әлеуметтік міндеттемелерін орындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.