17.04.2025, 17:15

Шерзат Болат қазасы: Жасөспірімнің қандай жарақаттан қайтыс болғаны айтылды

Фото: видео скриншот

Қайғылы оқиға 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01:30 шамасында Талғар аудандық орталық ауруханасында расталған.

Шерзат Болаттың өліміне қатысты өткен сот отырысында кәмелетке толмаған марқұмның өліміне себеп болған жарақаттарға қатысты сот-медициналық сараптаманың нәтижесі жария етілді. Прокурор Дана Сәрсенбай бұл деректерді сот залында ресми түрде оқып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Сараптама қорытындысына сәйкес, жасөспірімнің өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігін зақымдай отырып, кеуде қуысына терең кірген пышақ жарақаты салдарынан туындаған ауыр қан жоғалтудан болған. Қайғылы оқиға 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01:30 шамасында Талғар аудандық орталық ауруханасында расталған.

Мәйітті зерттеу барысында анықталған негізгі жарақаттар:

• Сол жақ өкпенің жарақаттануы мен ішкі-сыртқы қан кетуге әкелген гемоторакс;

• Өкпе қуысында 1500 мл қанның жиналуы.

Сондай-ақ келесідей сыртқы жарақаттар тіркелген:

• Сол жақ желкеде бас терісінің көгеруі,

• Оң көз маңында, төменгі қабақ пен бет сүйегі аймағында соққы іздері,

• Қол мен саусақтарда, білекте, жіліншік пен ерін аумағында әртүрлі сызаттар мен көгерулер.

Алайда бұл сыртқы жарақаттардың денсаулыққа тұрақты зиян келтірмегені және өлімнің тікелей себебі емес екені сараптама қорытындысында нақты көрсетілген. Бұл жарақаттардың барлығы жарақаттық күштің әсерінен, яғни ауруханаға түспестен бұрын, тұйық, қатты затпен соғылудан болған.

Қазіргі уақытта бұл қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.