17.04.2025, 18:00

«Тұншықтырып, шашынан сүйреген»: Теміртауда фельдшер қызды әріптесі аяусыз ұрып тастаған (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Әріптестері оны әрең сүйреп араша түскен.

Теміртауда фельдшер қызды жұмыс орнында әріптесі мас күйінде келіп ұрып тастаған. Бойжеткен ми жарақаты, саусақтың сынуы мен түрлі көгеру жарақатымен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқиға 13 сәуір күні кешке болған. Жергілікті жұртшылық жазғандай, ер адам мас күйінде қызбен "сөйлесуге" барған. Кейін оны тұншықтырып құлатқан, ұрып-соғып, шашынан сүйреген. Әріптестері оны әрең сүйреп араша түскен.

Жәбірленуші ми жарақаты мен шайқалуы, саусақтың сынуы және көптеген көгеру жарақатымен ауруханаға жатқызылды. Келесі күні шабуылдаушы да сол ауруханаға үш белгісіз адамның осы жағдайдан кейін өзін ұрғанын айтып түскен. Кейінірек ер адам ауруханадан өз еркімен кетіп қалған.

Полиция 29 жастағы күдіктінің ұсталғанын және бөлімшеге жеткізілгенін хабарлады. Олардың айтуынша, жанжал қызметкерлердің бір-бірін жақтырмауынан басталған. Мұның жұмысқа қатысы жоқ екені айтылды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Екеуі емделген соң сараптама тағайындалады.