21.04.2025, 21:30

«Бие байлап, сиыр сауамын»: Ұлытауда 115 жастағы ең қарт тұрғын тұрады

Фото: видеодан алынды

Кейуана көп жасаудың сырын адал еңбекпен және жақсы ниетпен байланыстарады.

Еліміздегі ең қарт тұрғын – 115 жастағы Түймегүл Темірбаева. Ол Ұлытау облысының Қызылжар ауылында тұрады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 24KZ арнасына сілтеме жасап.

115 жастағы Түймегүл әже қазақ тарихының тірі куәгері. Ол ашаршылық пен қуғын-сүргіннің ауыр зардабын көзімен көріп, осы күнге жеткен санаулы жандардың бірі. Жары Аязбай Темірбаев екеуі Сарысу мен Сүрті өзендері бойында жарты ғасыр жылқы баққан. Аязбай ақсақал да ғасырға жуық ғұмыр кешіп, 95 жасында дүниеден өткен.

Анасынан небәрі үш жасында жетім қалған Түймегүл әже ес білгелі еңбекке араласқан. Ғасыр жасаған кейуананың қимылы әлі де ширақ. Балалық шағы еңбекпен өткен кейуана бүгін де қарап отырған жоқ. Жасына қарамай, үй шаруасына белсене араласып, көрпе тігіп, құрт жаюдан қол үзбейді.

“Мал баққан оңай емес екен. Жаяу жүремін, бие байлап, бие сауамын, қойды да, сиырды да суғарамын”, – дейді қарт әже.

Қарт әже көргенін, өмірден түйгенін немере-шөберелерінің бойына дарытып келеді.

“Апамның бауырында өстім. Осы кісінің тәрбиесін алып, осы кісінің арқасында өстік. Арқасынан тастамайтын. Атқа мінсе, апаммен атқа да мінетінмін. Көп нәрсе үйретті. Көрпе тігетін, киіз басатын. Соның бәрін көріп өстік”, – дейді немересі Аңсаған Темірбекова. 

Кейуана көп жасаудың сырын адал еңбекпен және жақсы ниетпен байланыстарады.

“Көп жасауының сыры – жүріп-тұрғандығы. Отырмайды, ауырса, өзін-өзі емдеп алады. Ауырдым дегенін естімеппіз”, – дейді ұлы Сөртібай Түймебай.

Түймебай әженің елдегі ең қарт тұрғын екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де растайды. Бүгінде қарт әже төрт баладан он бес немере жиырма бес шөбере сүйіп отыр.