$ 518.07  595.21  6.37

«Көміп, үстіне ат байлап қойған»: Жетісайда екі ай бұрын жоғалған әйелдің мәйіті cұмдық жағдайда табылды

Арада екі апта өткенде келіншектің мәйіті көрші көшедегі ер адамның үй жағынан табылған.

Коллаж: stan.kz
Коллаж: stan.kz

Түркістан облысында 38 жастағы жігіт көрші келіншекті азаптап өлтіріп, мәйітін ауласына көміп, онымен қоймай моланы атпен таптап тастаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

39 жастағы келіншекті тонап, артынша қорлап өлтірген күдікті түн ортасында мәйітті өзінің ауласына көмген. Қабірдің үстіне шөп шашып, жылқы байлап тастаған қаскөйдің сұмдық әрекеті тек 12 күннен кейін ғана белгілі болды. Қылмыстың ашылуына тыржалаңаш көмілген әйелдің бір қолының жер бетіне шығып қалуы себеп болған. 

                                                          Туған үйдің түтінімен қоштасу

Көктем ерте шығатын оңтүстікте қар ерісімен шаруалар жер жыртып, егінмен айналысуға дайындала бастайды. Жетісайлық жұрт та жылдағы әдеті бойынша қарбалас жұмыстың алдында көкпар беріп, Алғабас ауылының шетіне ат ойнатады. Қиқулай шапқан жігіттердің көкпар тартысы да ауыл халқын дүр сілкіндіреді. Иісі далаға жайылған жұмсақ кәуап та, ыстық самса, тандыр нан, түрлі сусын да көкпарға келген жұрттың алдына жайылады. Әрине сатылады, тегін емес. Ас-су дайындайтын адамдардың табысы да бұл күні тәуір болады. Сауда жасаудың сан түрін меңгерген Әйгерім Әжекеева да әдеттегідей көкпарға дайындалып, анасына сатуға қоятын тауарды әкелетінін айтып, қаражатын қалтаға салып, ауданға шығып кетеді.

Бірақ ол күнде кешкілік дастархан басында анасына еркелеп, әкесіне жұмысын айта әңгімелесіп отыратын әдемі сәттердің енді қайталанбайтынын, үйінің табалдырығынан соңғы рет сыртқа аттап бара жатқанын білмеген еді.

Көрікті де, табысты келіншекті такси тоқтайтын ауыл дүкенінің алдында қара машинамен үш жігіт күтіп тұрған. Әйгерімнің анасының айтуынша, соның бірі ауылға зұлымдығымен аты шыққан Ералхан еді.

«Менің қызымның осындай жауыздықпен өлім құшқанына ішім күйіп бара жатыр. Шалымыз екеуміз 25 жылдан бері аурумыз. Бізді қаратып, Алматы- Астанаға апарып жүрген осы қызым еді.  Көшеде жүріп қалған қыз емес, боянып көшеге шығатын қылтың-сылтыңы да жоқ. Азаннан кешке дейін менің қасымда болатын. Көктем шыққан соң шашлық, бутерброд, пирожки пісіріп сатады. Менде көмектесем оған. 27-күні азанда «Мама ертең үлкен көкпар болады екен. Мен соған тауар әкелейін” деді. Жарайды деп екеуміз де магазинге тауар жаздық. Тауарға кетті. Тез барам да келем ғой деді. «Жетісай маркет» деген магазин бар. Сағат 10-ға дейін істейді. Көкпардың заты таусылған соң, сол жерден барып алатын. Өзім шығарып салғам үйден. Түнгі сағат 11 болды, қызым жоқ. Бұндайы жоқ еді, кешікті деп барлығына хабарластым. Жас емес, келіп қалатын шығар деп басу айтты басқалар», – деді Әйгерімнің анасы Мейрамгүл Бердалиева.

Ауыл халқына ат ойнатып, қамшы үйірумен аты шыққан Ералхан Төреханов саудагер келіншекті кезекті рет аңдып жүргенін ауылдастары байқап қалған. Дәл осы жігіт күйеуі жоқ, қорғансыз келіншектің басқан ізін аңдып, күш көрсетіп табысын тартып алып отырған дейдә бір топ әйел. Ол аздай Әйгерімді өлтірместен бұрын зорлап та үлгерген дейді жәбірленушілер.

Фото: күдікті Төреханов

Қызына алаңдаған анасы ақыры өзге балаларын жинап, аурханаға да, полицияға да барған. Тіптен сол күні сауда жасап тұрған Әйгерімнің артына келіп, оған Төрехановтың тесіле ұзақ уақыт қарап, айналшақтап жүргенін де біраз адам көрген. Қауіптің қайдан келуі мүмкін екенін полицияға да бірден өздері айтқан. Алайда сақшылар салғырттық танытып, мән бермеген. Тек арыз жазғызып қана алып қалған.

«Шыдай алмай қылмыскер Ералханның үйіне де келдік. Ол міз бақпады, Әйгерімді көрмегенін, ұйықтап қалғанын айтып, өтірік аңқау қылық танытты. Үйіне полиция кірмеді, сырттан кетіп қалды. Қызымды солай 12 күн іздедік», – деді марқұмның анасы.

Еріктілер, ауыл тұрғындары және туыстары жиналып жас келіншекті тоқтаусыз іздеген. Ал жергілікті полиция бейғам болған. Тек облысқа шағымданған соң ғана күдіктінің соңына түскен. Қылмыстың ашылуына облыстық тергеуші, із кесушілердің келуі түрткі болған.

                                               Жазықсыз келіншектің жарым түнде көмілуі

Тауар әкелуге ауданға шыққан Әйгерімді дүкен алдынан күтіп алған Ералхан күштеп үйіне апарып қорлап, тонап, сол күні аяусыз ұрып өлтірген. Екі жүз метр жердегі ата-анасы, жақындарына жете алмай, көрші көшеде дәрменсіз күйде өлім құшқан Әйгерімді бұған дейінде қылмыс жасап аты шыққан Төреханов түн ортасында ауласынан көр қазып, әйелді тыржалаңаш күйінде көміп тастайды.

 

«Арада 12 күн өткен соң қанішер Төрехановтың үйінен сіңлімнің мүрдесі табылды. Қолы шығып қалған. Мына күміс сақинасы саусағында болған. Сол қолы алақанымен шығып жатыр. Шөп шашып, үстіне ат байлап тастаған. Төрехановтың үйін полиция қоршауға алды. Адам кіргізбей, сіңілімді көмген жерден алып шықты. Сіңлім тыржалаңаш, үсті топырақ, батпақ. Сол жақ құлақшекесінен бастап арқасы түгел көгерген. Мұрнынан қан ақққан. Білегінде үш жерден пышақтың ізі бар. Біреуі тереңдеп кесілген. Сол өлікті аулаларынан алып жатқанда Ералханның шешесі міз бақбастан қарап тұрды, ал оның інісі бізді әбден боқтап, қорлады», – деді Айсұлу Ақылбайқызы.

Тауар әкелуге ақшамен шыққан Әйгерімді үш жігіттің көлікке күштеп отырғызып жатқанын дүкенге жақын үйдің адамдары да көріп қалған. Ал көліктегі өзге жігіттерді де ауыл адамдары танитын болып шықты. Алайда оқиға болған жердегі дүкеннің камерасы дәл сол күні «өшіп» қалған.

Марқұмның туыстары Төрехановтың Әйгерімді бұрынан қорқытып, саудадан түскен ақшадан үлес алып жүргенін, бопсалау арқылы каспимен де аударымдар жасатқызып тұрғанын кейін білген. Тіпті келіншектің мүгедек ата-анасының зейнетақысынан да Ералхан үлес алып жүрген, дейді жәбірленушілер.

«2011 жылдан бері бұл қылмыскер менің әкем мен шешемді қорқытып пенсиясын да алып отырған. 4-5 жылдан бері көкпарға шығамыз. Көкпарда сауда істейтін едік. Бәріміз барамыз, сауданың ақшасы қайда кете береді десек, осы оңбаған  сіңілімді  қорқытып алып отырған екен. Сіңілімді қорқытып кредит те алдырған. Тіптен шешемнің алтындары да жоқ. Осы Төреханов Ералхан қорқыту арқылы әке-шешемнің малын да пенсиясын да алып отырған. Сіңілімді зорлаған, ұрған, әбден қорқытып келген. Бұл жауыз қазір бәрін мойындап отыр. Бауырымды қылқындырып өлтірдім деп отыр. Ол қылқындырмаған. Экспертиза жалған шығарып отыр. Біз оған келіспейміз. Бауырымды жуындырғанда өз көзіммен көрдім, қолының үш жерінде пышақтың ізі бар. Сол жақ беті «полный» көгеріп кеткен. Арқа бүйір тұсы толықтай көгерген. Бауырыма зорлық-зомбылық та істеген. Зорлаған. Аса қатыгездікпен өлтірген. Бұл істің облыста тергелуін талап етеміз. Өмір бойына сотталуын талап етеміз», – деді марқұмның туысы Ұлтуар Бакиева.

                                       Ауылды үрейде ұстап отырған Төрехановтар кім? 

Азаппен өлтірілген Әйгерімнің әкесі екінші, шешесі үшінші топтағы мүгедек. Қандықол қылмыскерлермен күресуге оларда дәрмен жоқ. Тіптен қызының ана дүниеге аттанып кеткенін әлі қабылдай алмай жүрген әкесі сөйлеуден қалған. Бүкіл ауылды үрейде ұстап отырған Төрехановтардың талай қылмысын халық біледі, бірақ ашық айтуға батпайды дейді олар. Ал ауыз ашқандарды Ералханның ағасы «өлтірем» деп ашық түрде қорқытады екен. Оған ауылдың чатында тарап кеткен қоқан-лоқыға толы аудиолары дәлел.

Ал уақытша ұстау изоляторында жатқан күдіктінің әкесі ештеңе болмағандай күнделікті ауыл халқының чатына бата беріп, елді кешірімді болуға үгіттеп келеді. Төрехановтардың атасының құрметіне көше атауы да берілген.

Фото: Әйгерім көмілген аула

Олар әкімдікке де белгілі. Ауылды ауыз сумен қамтамасыз ететін мекеме де осы Төрехановтардың еншісінде. Қаталдығымен, күш көрсетуімен аты шыққан бұл әулет ауылды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келеді дейді әбден зәрезеп болған әйелдер. Олардың ашық түрде көрсетіп отырған қоқан-лоқысына қарсы  заңда ешқандай шара қолданбаған.

«Ералхан өзі зорлағанын да, ақша алып келгенін де мойындап отыр. Барлық қылмысын мойындаған ғой. «Мойнына жіп салып өлтірдім, аяғы тыпырлады да секунд ішінде өліп қалды, мойнына жіпті фирден шықтым, жан-жағыма қарадым, ешкім жоқ болған соң  жерді қазып бастадым. Адамдар тсалып, теріс қаратып тарттым. Кешкі сағат 20:30-да Әйгерімді өлтіріп, сосын 21:47-де эфир ойнаттым. Эыншыған кезде түнгі бірлерде жерледім» дейді. Мен экспертизада болдым. Мойнына ешқандай жіп салынбаған. Моргқа да мен кірдім. Мойнында ешқандай із жоқ. Жағы қанталаған, басы ісіген, арқа қанталап кеткен. Қолында 3 пышақтың ізі бар. Екеуі бітелген, біреуі тереңдеу тартқан екен пышақты. Осы уақытқа дейін ұрып-соғып талай мәрте әке-шешемнің пенсиясын шешіп алған. Өзі шештіріп алып, бергі жақта қарап тұрған. Қолма-қол да ақша алған. Киім-кешек те, мал да алған үйінен, займ да , кредит те алдырған сіңіліме. Үйдегі алтындарды да сатқан. Әке-шешеме талай алтын әпердім, неге алтындары жоқ десем, сіңілімді қорқытып, бәрін тартып алған екен», – дейді Ұлтуар Ақылбекқызы.

Төрехановтарды тек алғабастықтар ғана емес, бүкіл жетісайлықтар біледі. Айтуларынша Ералхан Төреханов  бұған дейін бірнеше адамды мерт қылған көрінеді. Туысқан ағалары да адам қанын жүктеген, дейді осындағы әйелдер. Жәбірленушілер Президенттің атына үндеу жолдап, ауыр қылмысқа қатысы бар өзге де адамдарды тауып жауапқа тартуды, қылмыстық істі Жетісайда емес, облыс орталығы Түркістанға алдыруды талап етіп отыр. Өйткені марқұмның анасы мен туыстары тергеудің әділдігіне де, соттың заңды шешім шығаратынына да мүлдем сенбейді.

Аяулы қызын, бірге өскен әпке-сіңілілерінен қапыда айырылып қалған Әйгерімнің анасы мен туыстары адвокат жалдауға да жағдайлары келмей отыр. Үзілгелі тұрған әлсіз отбасының бар үміті ел Президенті мен Ішкі істер министрі, Бас прокуорда ғана.

                                         Әділетті де Жаңа Қазақстанның кепілі Тоқаевқа үндеу 

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізден әділдік сұраймыз. Бауырым (сіңілісі -ред) Әжекеева Әйгерімнен айырылып отырмыз. Бауырымды осы Алғабас ауылының тұрғыны Төреханов Ералхан аса қатыгездікпен үйінде өлтіріп, ауласына көміп тастаған. 12 күн дегенде осы Төреханов Ералхан деген жігіттің үйінен өлі күйінде табылды. Ауласына көміп, үстіне атын байлап қойған. Бұл – қылмыскердің өлтірген үшінші адамы. Оның ағасы Әзімхан осы ауылдың милициясы болған жігіттің бір көзін ойып алды. Онда да сотталмады, ана жігіт сотта ағайынбыз деп кешірім берді. Қазір екінші көзі де көрмейді, мүгедек болып қалды. Бұл Төрехановтың ағайындары да екі адамды өлтірген. Сонда бұл Төрехановтарға ешқандай жаза, сот жоқ па? Олар бір-екі жылға барады да келе береді. Біздің Қазақстандағы әділдік қайда? Сонда бәріміз осылай қырылып өле беруіміз керек пе? Президент Тоқаев мырза, Сізден әділдік сұраймыз! Ішкі Істер министрі Сәденовке және Бас прокуратурадан өтінеріміз, тергеуді Жетісай ауданында емес, облыста өтуін талап етеміз. Менің әкем қазір сөйлей алмайды да, шешем 3-ші топтағы мүгедек.

Бұл қанішер бұрын “қарындасыңды шығарып бер, зорлаймын” деп ауылдағы біреудің малын бағатын момын жігітке тиіскен. Анау намыстанып қарсыласқан. Оны атпен сүйреп, каналға ағызып азаптап өлтірді. Онда да жазаланбады. Сосын тойда төбелесіп, тағы бір жігіттің миын шашып жіберді. Адам өлтіргені үшін бірнеше жылға барды да келді.

Бұл біздің білетіндеріміз ғана. Олармен ешкім байланыспауға тырысады. Енді міне, сіңлімді де өлтіріп отыр», – деді Жетісай ауданы Алғабас ауылының тұрғыны Айсұлу Әжікеева.

Түркістан облыстық полиция Департаменті қанды қылмысқа қатысты сан түрлі сұрақтарды сұратқанымызбен, ақпарат тек бір аптадан соң ғана жіберді. Төреханов болса тергеу изоляторында жатыр. Бұрын да жасаған қылмыстары үшін әділ жазаланбаған күдікті осы жолы да жеңіл құтылуы мүмкін деп отыр жәбірленушілер.

350-ден астам түтіні бар Алғабас ауылының халқы қазір ауыр тыныстап, үнсіз ғана отыр. Бас көтеріп, шағын ауылдағы былықты ашық айтуға еркектердің де дәрмені жоқ. Ал ауру ата-анасын асыраймын деп жүріп қаскөйдің қолына түскен Әйгерім Әжекееваның артында ұрпағы да қалмапты. Оның күйеуі де ертеректе белгісіз қылмыскерлердің қолынан қаза тауыпты. Ел билігі Әділетті Қазақстан құрамыз деп жүргенде әділетсіздік пен зұлымдықтың құрбаны болған кезекті жас келіншектің мәйіті екінші рет ауыл шетіндегі қабірге жерленді.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 4

Серіктес жаңалықтары