Желідегілер психологтың пікірімен келіспей, оны сынап жатыр.
Мәскеу психоанализ мектебінің түлегі, блогер Шапағат Есжан отбасында ұл бала тумауының себебін ер адамның психологиялық күйімен байланыстырған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Желідегілер психологтың пікірімен келіспей, оны сынап жатыр.
Блогердің айтуынша, әйел адамның тек қыз баланы дүниеге әкелуінің себебі – ер адамның ішкі әлсіздігін мойындамаудан немесе ер мен әйел арасындағы эмоционалдық байланыс пен сыйластықтың төмендеуінен болуы мүмкін.
“Негізі қыз туа беріп, ұл тумау психикада ер адамның қандай да бір әлсіздігін көріп, оның мықтылығын мойындамаудан болып жатады. Мен кейстеріме қарасам, ер адамның келе жатқан жолын мойындамау. Кей кезде ер мен әйелдің бір біріне деген қарым-қатынасы суып, құрмет азайған кезде отбасыда ұл тумай жатады. Ер адам да әйелді сыйлауды, құрметтеп, қамқор болуды, мейірім танытуды білмеген кезде отбасыда қыз көбейеді. Дәл солай оның жүрегі жұмсарып, сезімі оянып, болмысы өзгереді. Сондықтан психикадағы, түпкі тамырдан қандай да бір титықты тауып алсақ, әйел адамның неге бірыңғай қыз туа беретінін анықтаймыз. Физиологиялық тұрғыда қарым-қатынас болған жерде психоэмоциялық қарым-қатынас та болады. Сол үшін психиканы жөндеп, әйелдің қабылдау психологиясындағы кедергімен жұмыс істегенде бәрі дұрысталады. Психикамен жұмыс істеу арқылы бұл дүниені де жөндеуге болады”, – дейді психолог.
Шапағат Есжан бұл мәселені психикамен жұмыс істеу арқылы түзетуге болатынын да айтты.
Алайда блогердің пікірі әлеуметтік желіде түрлі реакция тудырды. Қолданушылардың бірі оны қолдаса, енді бірі «генетика қайда қалды?», «ұлды да, қызды да беретін – Алла», «ғылыми негізсіз пікір» деп сынға алды.