Күдікті – Шиелі ауданындағы №50 орта мектепте 21 жыл бойы биология пәнінен сабақ берген тәжірибелі педагог.
Қызылорда облысының Шиелі ауданында бұрын-соңды болмаған ауыр оқиға орын алды. Бала би ауылында мектеп мұғалімі өз әйелін балтамен бірнеше рет ұрып, саусақтарын шапқан. Ауыр жарақат алған әйел үш күннен бері жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы 31-арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Күдікті – Шиелі ауданындағы №50 орта мектепте 21 жыл бойы биология пәнінен сабақ берген тәжірибелі педагог. Мектеп ұжымы оның бұған дейін ешқандай тәртіпсіздікке барғанын байқамағандарын айтып отыр.
“Ол арақ ішпейді, темекі шекпейді. Намаз оқиды. Тәртіпсіздікпен көзге түспеген. Класс жетекшілікке де ұсынып жүрдік,” – дейді мектеп директорының орынбасары Райхан Жанқошова.
Қылмыс мұғалімнің өз үйінде орын алған. Балта мен өткір құралмен жасалған шабуылдан кейін 42 жастағы әйел ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Шиелі аудандық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Алмас Әбілпатта келіншектің жағдайын былай сипаттады:
“Диагнозы – политравма. Бас миының ауыр соғылуы, екі қолының ашық сынығы, оң қолының бірнеше саусағының ашық сынығы, маңдай сүйегінің сынуы тіркелді.”
Қазір жәбірленуші жансақтау бөлімінде дәрігерлер бақылауында.
Алдын ала болжам бойынша, отбасылық жанжал әйелі Астанада жұмыс істеуге ниет білдіргеннен кейін туындаған. Алайда бұл дерек ресми расталмаған. Құқық қорғау органдары күдіктіні қылмыс орнында қолға түсіріп, уақытша ұстау изоляторына қамаған.
“Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі – адам өлтіруге оқталу бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде,” – деді Шиелі аудандық полиция бөлімінің басшысы Болатхан Мұқанов.
Қазіргі уақытта тергеу ісі жалғасып жатыр, қосымша ақпараттар әзірге жария етілмейді.
Қамауға алынған 44 жастағы азамат пен оның жұбайы бес баланы тәрбиелеп отыр. Ең кенжесі – төрт жаста.