Оқиға болғалы бері Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков көпшілікке толыққанды түсіндірме берген жоқ.
Жалпы «шабуыл», «қастандық» деген сөздер жақсы сөз емес. Оның байыбына барып, тереңіне бойлау үшін де аса бір данышпан болудың қажеті жоқ. Бірақ оның қалай, неге, неден шығатынына қатысты айтылатын нұсқа көп. Күні кеше Шымкентте болған «жағдай» осыны айғақтап отыр. Шымкент қаласындағы қауіпсіздік, әкімдіктегі жылдар бойы жиналған «проблема» – осы екі жайт көпті қатты алаңдатса керек. Себебі бұған дейін елімізде мұндай жағдай болған емес. Әрине, кезінде күштік құрылымдарға жасалған шабуыл, теракт, радикал топтардың әрекеті, «Қанды қаңтардағы» тәртіпсіздіктер – бәрін тізуге болады. Бірақ дәл осылай қала әкімінің орынбасарына шабылдау және оны әкімдікке қатысы бар адамның жасауы бірінші рет орын алып отыр. Ал әлемде бұндай жағдай «нормаға» айналып кеткен деуге де болатын шығар. Әрине, сирек болса да, шенеуніктерге шабуыл жасау – әлдеқашан дүниежүзілік саясатта қалыпты құбылысқа айналып үлгерді. Бұл жолы сол әлемде шенеуніктерге, жалпы билік өкілдеріне жасалған шабуылдарға шолу жасап, себебін түсіндіріп көрейік.
Әлемдегі атышулы шабуылдар
Жовенель Моиз (Гаити, 2021 жылы)
2021 жылдың 7 шілдесіне қараған түні Порт-о-Пренстегі резиденцияға баса-көктеп кірген қарулы топ Гаити президенті Жовенель Моизге оқ атты. Ал оның жұбайы Мартин Моиз ауыр жараланды. Іс бойынша 30-ға жуық күдікті табылып, бір бөлігі тергелді, ал екінші бөлігін іздестірді.
Jean Marc Herve Abelard ZUMAPRESS.com Globallookpress
Синдзо Абэ (Жапония, 2022 жылы)
Елдің ең ұзақ қызмет еткен экс-премьері 8 шілде күні Нара қаласында халыққа сөз сөйлеп тұрған сәтте артынан екі мәрте атып, басшыны өлтірді. Абэ ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше сағаттан соң көз жұмды. 41 жастағы бұрынғы теңізші Ямагами Тэцуя қолдан жасаған қос ұңғылы қарумен оқ атты деп ұсталды.
© EPA-EFE/ WANG ZHAO
Дональд Трамп (АҚШ, 2024 жылы)
2024 жылы 13 шілдеде Пенсильвания штатындағы митиңде 20 жастағы Томас Мэтью Крукс AR-15 винтовкасынан президентке қарай оқ жаудырды. Бірақ Трамп тірі қалды. Ол тек құлағынан жеңіл жараланып, трибунадағы жұртқа «жеңіс» ишарасын білдіріп, оқиға орын алған жерде тастап, шығып кетті. Жан-жағына жеке күзеті қаумалап жинала қалды. Сарапшылар бұл оқиға оның сайлау рейтиңіне серпін бергенін әлі айтады.
REUTERS/Brendan McDermid
Роберт Фицо (Словакия, 2024 жылы)
Сол жылы 15 мамырда 71 жасар зейнеткер-жазушы Юрай Цинтула Гандловадағы көшедегі кездесу кезінде премьер-министрді бірнеше рет атып, ішін, кеудесін, басын қан жоса қылып жаралады. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында аман қалды. Яғни ақ халатты абзал жандар төрт сағаттық ота арқылы Фицоның өмірін сақтап қалды.
Robert FicoPhotographer: Milan Jaros/Bloomberg
Зоран Джинджич (Сербия, 2003 жылы)
2023 жылы 12 наурызда Белград Үкімет үйінің кіреберісінде премьер-министрге снайпер мылтығынан екі оқ тиіп, ол ауруханада жан тапсырды. Атқан адам – армия офицері Звездан Йованович. Ал кейбір дереккөздерде оның артында қылмыстық топтың тапсырысы тұрды делінеді.
wikimedia.org
Қазақстандағы «тұңғыш» оқиға: Руслан Берденовке шабуыл
Ал енді өзіміздің елге келейік. «Тұңғыш» деген сөзді ерекшелеп тырнақшаға алуымыз да бекер емес. Себебі Алтынбек Сәрсенбаевтың, Заманбек Нұрқаділовтің өлімі шенеунікке жасалған шын шабуылдан гөрі бәз біреудің «саяси тапсырмасына» көбірек келеді. Сонымен жуырда, яғни 2025 жылдың 21 сәуірінде шамамен кешкі 20:30-да Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке бірнеше рет оқ атылды. Ашық дереккөздердің хабарлауынша, күдікті – «Тұрғын үй Шымкент» мекемесінің бұрынғы басшысы Ернар Жиенбай. Әкім орынбасарының жамбасына және иығына тиген оқтан ауыр жараланып, шұғыл операция жасалды. Құдай оңдап, әйтеуір дәрігерлер өмірін сақтап қалды.
Мәжілістің баспасөз қызметі
Полиция қылмысты «қызмет барысындағы дау-жанжал» нұсқасымен тергеп жатыр, ал қоғамда «тапсырыспен жасалды ма, әлде тұрмыстық кек пе?» деген сұрақ әлі де белгісіздікке ұласып отыр.
Әкімнің үнсіздігі жауапкершіліктің жоқ екені ме?
Оқиға болғалы бері Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков көпшілікке толыққанды түсіндірме берген жоқ. Баспасөз қызметі мен оның айналасындағылар тек «тергеу жүріп жатыр» деген орынсыз хабарламамен шектелді. Ал әкімнің өзі жұмған аузын ашпастан, бұқаралық ақпарат құралдарының алдына шықпастан орындығына отырған күйі омалып жатыр...
Ал әкімнің орынбасарына жасалған шабуыл – шындығында, жеке трагедия ғана емес, мегаполистің қауіпсіздік жүйесіне түскен дабыл. Осындай сәтте қала басшысының ақпараттық вакуум қалыптастыруы – қоғамның сеніміне жасалған үлкен соққы. Себебі басқасы басқа, қала әкімінің орынбасарын осылай атып кеткенде, басқа қарапайым тұрғындарға шабуыл жасау оп-оңай ғой. Бұны «бір» деп біліңіз. Екіншіден, ашық коммуникация болмаған жерде қауесет үстемдік етеді, ал қауесет азаматтардың үрейін күшейтеді. Әкімнің бірден дұрыс ақпарат беруге араласпауының кесірінен неше түрлі болжам тарап кетті. Үшіншіден, әкімдікке қатысы бар яки әкімдіктегі қызметкерлер арасында мұншалық деңгейдегі өшпенділіктің болуы әкімдіктегі ішкі алауыздықтың өршіп тұрғанын көрсетеді. Үлкен бір «мәселе» бар, бірақ шешілмеген деген сөз ғой сонда...
Фараондар мен цезарьлар, патшалар мен хандар дәуірінен бері саяси қастандықтар билікпен бірге жүріп келеді, болып та жатыр. Жовенель Моиз бен Синдзо Абэ қаза тапты, Трамп пен Фицо аман қалды, Джинджич оққа ұшты. Енді бұл қанды статистикаға Шымкенттегі оқиға қосылды.
Әкімге жасалған шабуыл нені ұқтырды?
Шынтуайтында, билік өкілдеріне жасалған шабуыл – тек қылмыстық эпизод қана емес, барша мемлекеттік институттардың тұрақтылығына деген сын. Сондықтан ашықтық, қоғаммен диалог және қауіпсіздік тетіктерін күшейту – бүгінгі күннің басты талабы. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков әкім ретіндегі жауапкершілігін түсініп, қала жұртшылығына тергеу барысы мен қауіпсіздік шаралары туралы нақты есеп беруге тиіс еді. Әйтпесе, Шымкенттегі «атылған оқ» елдегі ең үлкен сенім дағдарысының алғышартына айналуы ғажап емес. Бірақ боксшылармен кездесіп, қаланың инфрақұрылымын «аралаудан» қолы босамайтын әкім әлі еш нәрсеге асықпайтын тәрізді.